Жаңа ХҚО алматылықтарға бір аптада 2 мыңға жуық қызмет көрсетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тағы бір Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бұл орталықты мегаполистегі халыққа қызмет көрсету орталықтардың жүктемесін азайтып, қызмет алушыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында өткен аптада ашқан болатын.
Халық тығыз орналасқан ауданда орналасқан жаңа орталық бүгінде өз тиімділігін дәлелдеп, қала тұрғындарына қызметтерді ыңғайлы ортада және тез алуға мүмкіндік беріп отыр. Іске қосылғанына бір апта ғана уақыт болған орталық қызметкерлері алматылықтарға 1900 қызмет көрсетіп үлгерді. Оның басым бөлігі электронды түрде көрсетілді.
«Жаңа ғимарат көлік қатынасына ыңғайлы жерде орналасқан. Жүргізушілер үшін 30 орындық тұрақ та қарастырылған. Жалпы орталықта 18 құжат қабылдау орны, 4 миграциялық полиция қызметкерлеріне арналған үстел, қызмет алушыларға арналған 75 орындық күту залы бар. Соңғы заманауи үлгіде эллипс формасында жасалған «Connection point» өз-өзіне қызмет көрсету аумағында орталықтың кеңесші мамандары кез келген бағытта үздіксіз көмек көрсете алады. Жұмыс күндері бұл жерде орташа есеппен 1500 адам қызмет алады. Жаңа ХҚО Байзақов көшесі, 174 ғимаратта орналасқан», - деп мәлім етті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы бөлімшесінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жыл басынан бері 9 фронт-офисті іске қосты. Алматы, Шымкент, Алматы облысында 3 мамандандырылған ХҚО, ШҚО, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары 4 миграциялық қызметтер орталығы, Алматы қаласында 2 ХҚО ашылды.






Соңғы жаңалықтар