Жаңа ереже бойынша әлеуметтік баспана қалай беріледі

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы әкімдігінің отырысында әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етудегі жаңа қағидат туралы айтылды. Жалға алуға баса назар аударылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент тұрғын үйді жалға беруді қолдауға баса назар аударылатынын айтты. Олар шектеулі мөлшерде салынатын болады. Ең бастысы – жалға беруге басты назар аудару қажет. Бүкіл әлемде осылай болып жатыр, сондықтан әкімдіктер өз жұмысын қайта құруы тиіс», – деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Мемлекет табысы төмен кезекте тұрғандарға тұрғын үйді жалға алудың бір бөлігін өтейді.

Президенттің тапсырмасы бойынша тұрғын үй төлемдері жөніндегі бағдарлама 2022 жылдың мамыр айында іске қосылуы тиіс.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаевтың айтуынша, тұрғын үй құрылысында басымдықтар бос тұрған үйлерді қалпына келтіруге, жалға берілетін және несиелік тұрғын үйді сатып алуға бағытталатын болады.

«Өткен жылы 500 пәтер сатып алынды, оның 350-і бастапқы нарықта. Мұнда мердігерлік ұйымдар тұрғын үйдің сапасына қызығушылық танытады. Егер сапасы төмен болса, әкімдік сатып алмайды», – дейді Абзал Жайлыбаев.

2021 жылдың қорытындысына сай Қарағанды облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша барлық қаржыландыру көзі есебінен 662 мың шаршы метр тұрғын үй немесе жеті мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді.

2022 жылы 708,2 мың шаршы метр немесе 8 мыңға жуық пәтер салу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар