Жаңа бір құрама футболдан әлем чемпионы атанса деймін – Есей Жеңісұлы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір Қатар елінде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты жанкүйерлерге өз қызығын сыйлап келеді. Жасыл алаң төрінде жарқылдап көзге түскен жұлдыздар шеберлігімен танылып, көпшілік көзайымына айналып үлгерді. Биылғы доп додасының қандай ерекшелігі бар? Қай құрама чемпион атануы мүмкін. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі белгілі спорт комментаторы Есей Жеңісұлын әңгімеге тартқан еді.

- Әлем чемпионаты алдында қай құрамаға басымдық берген едің?

- Әдетте, мен алдын ала жорамал айтуға құлықты емеспін. Көп жағдайда ол болжам сәйкес келмей жатады. Сондықтан бұл жолы ел қатарлы жеті-сегіз фавориттің қасына Хорватия мен Нидерландыны қосқым келеді. Оның себептеріне тоқтала кетейін. Хорватияның Модрич, Перишич секілді жақсы буыны футболдан кетіп барады деуге негіз бар. Кетпесе де ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауы мүмкін. 2018 жылғы әлем чемпионатында олар тамаша ойын көрсетті. Осы жағынан жүрегіме жақын. Ал Нидерланд құрамасына бүгінде өмірден өткен жақын досым Рахат Мамырбек жанкүйер еді. Биыл доп додасына бұрыннан өзім жанкүйерлік ететін Италия құрамасы келе алған жоқ. Сондықтан досымның құрметіне Нидерландыға тілеулес болуды жөн көрдім.

- Әлем біріншілігі биыл қызық өтіп жатқан секілді. Алғашқы турда бір-екілі сенсациялық жағдайлар тіркелді. Аргентина мен Германия Сауд Арабиясы және Жапония секілді қарсыластарына есе жіберді. Бұл жөнінде ойың қандай?

- Бәріміз білетіндей, футбол - миллиардтардың ойыны. «Азиялық құрамалардың деңгейі төмен, африкалықтарға ширек финалға дейін жетсе – сол олжа» дейтін пікірлер бар. Көкейде сауал бар. Сол құрамалар қашанға дейін сол төменгі деңгейде қала береді? Бұл ұшқары пікірге жанкүйер ретінде келіспеймін. Сондықтан жоғары айтылған екі құраманың жеңілісін сенсациялық жағдай ретінде қарамаймын. Өйткені, футбол солай болуы тиіс. Ол күтпеген нәтижемен футбол деп бағаланады емес пе? Сондықтан әлем чемпионаты деген төрт жылда бір келетін фестиваль, форумда мұндай нәтижелер болуы тиіс. Әйтпесе, тек фавориттер ұта беретін болса, онда жанкүйерлер үшін футбол қызықсыз болар еді. Сол ерекшелігімен ол жер-жаһанды біріктіреді.

Мен Азиядағы іріктеу кезеңінде Сауд Арабиясының екі ойынын жүргізіп көрдім. Сол кезде ойыны ерекше ұнаған болатын. Бұл жолы да сол үдеден шығып жатыр. Алғашқысында Аргентинаны жеңгенімен, екіншісінде қарсыласына есе жіберіп қойды. Соған қарамастан олар барша жанкүйерге өте жақсы әсер қалдырып отыр деген ойдамын. Ал алғашқы ойында жеңілгеніне қарамай Иран екінші турда Уэльстен басым түсті. Менің ойымша, олардың да еңсе көтеретін кезі келді. Бұл құрамалар топтан шықса да, шықпаса да елдің есінде қалатындай ойын көрсетті деген ойдамын.

- Бас жүлдеден үміткер ретінде саналған құрамалардың алғашқы турдағы сәтсіздігіне не себеп болды?

- Англияның Гарри Линекер деген сұрмергені бар. Қазір футбол сарапшысы болып жүр. Сол азаматтың «Әлем чемпионаты деген шаршаған көшбасшылардың турнирі» деген сөзі көңіліме қонады. Шынында да, Лионель Месси, Криштиану Роналду, Килиан Мбаппенің қай-қайсысы да клубтық футболдан қатты шаршап келген болуы мүмкін. Тіпті биыл клубтық ойындар әлем чемпионатына бір апта қалғанда уақытша үзіліс жариялады. Демек, футболшылар не дұрыстап жиын да өткізген жоқ, не дұрыстап демалып та үлгерген жоқ. Сондықтан мықты деген құрамалардың әлсіз ойнауына осындай жағдайлар себеп болуы мүмкін. Жалпы, клубтық футболдың жүгі өте ауыр. Әрбірі үлкен келісім-шартқа отырған. Соны ақтауы тиіс. Осындай себептермен көшбасшылар әлем чемпионатына шаршап жетеді деген ойдамын.

Оны былай қоя тұралық. Биылғы доп додасында Н’Голо Канте, Карим Бензема, Садио Мане секілді үздіктер жарақатына байланысты келе алмай қалды. Адамның ағзасы темір емес қой. Жалпы, мықты құрама деген шартты ұғым. Мәселен, Аргентина құрамасы дегенде ең алдымен ойымызға Месси түседі. Одан бөлек бір-екі футболшының есімі тіл ұшына оралады. Ендеше, оларды мықты құрама деуге келе ме? Мұндай сауалды басқа да құрамаларға қатысты қоюға болады. Бұл жерде тәжірибе мен жастық жалын бірігіп, жақсы нәтиже көрсеткен жағдайда мықты деуге негіз бар.

Тағы бір назар аударатын нәрсе, кейбір жанкүйерлер үздік құрамалар қарсыластарын менсінбей ойнау салдарынан жеңіліп қалды деген пікір айтады. Қазір - құрамалардың бар мүмкіндігі көрінетін уақыт. Әлем чемпионатында бірінші турдың рөлі өте жоғары. Егер фаворит дегені бұл жолы жеңіске жетсе, одан кейін психологиялық тұрғыдан дайын болады. Сол себепті менсінбей ойнау деген мүлдем қарастырылмайды.

Ұлттық құрама сапына кез келген футболшы шақыру алмайды. Солардың қатарынан негізгі құрамда шығатын үздіктер қатарында болу – үлкен мәртебе. Сол себепті қарсыласқа немқұрайлы қарау мүмкін бе? Осыған байланысты әлсіз ойнау деген мүлдем қарастырылмайды. Әлем чемпионаты – футболшылардың түсіне кіретін турнир. Менің ойымша, дүбірлі додаға келген құрамалардың әрбірі чемпион атануға күш салады.

- Қазір Қатарда ауа райы өте ыстық. Бұл футболшылардың ойын көрсетуіне әсері қандай болмақ?

- Ауа райының әсер етіп жатқаны күмәнсыз. Қазір Қатарда 35 градустан төмен болмай тұр. Еуропада мұндай деңгейге де көтерілмейтіні рас. Стадионда түрлі құрылғының күшімен 20-21 градустан жоғары емес. Десе де, барлық құрама оған бой үйретіп үлгергені анық. Оны шешуші фактор деп қараудың реті жоқ. Бұл әшейін ақталудың түрі болуы мүмкін.

- Қазірге дейінгі ойындарда қай құраманың аяқ алысы қуантып отыр?

- Бұған бірден жауап беру өте қиын. Алғашқы турда Эквадор құрамасы Қатарды жеңді. Содан кейін «Оның қарсыласы әлсіз болды» деген әңгіме айтқандар бар. Олар екінші турда Нидерландымен тең түсіп, бұл жорамалды жоққа шығарды. Аталған құрама сапынан Энвер Валенсия сынды шабуылшының ойнау мәнері ұнап жатыр. Өкініштісі, соңғы кездесуде ол жарақат алып қалды. Ал құрамалар арасынан алғашқы турда Сауд Арабиясы ұнаған еді. Десе де, бұған байланысты жорамал жасау әзірге ертерек. Оны топтық кезеңнен кейін толығырақ айтуға болады. Алдын ала айта кетсем, әзірге Тунис, Марокконың аяқ алысы да жаман емес.

Бразилия құрамасының сапындағы Ришарлисон бұған дейін Англияның «Тоттенхэм Хотспурс» командасы құрамында аса бір көзге түсіп жүрген жоқ еді. Бәлкім, Гарри Кейннің тасасында қалып қойды ма? Оған дейін «Эвертонда» қапталдағы футболшы ретінде ойнады. Ол ұлттық құрама сапында орталық шабуылшы ретінде шықты. Бірінен бірі өтетін екі гол соғып үлгерді. Мен одан осындай деңгейде ойын көрсетеді деп күткен жоқ едім.

- Кейбір азаматтар тарапынан доп додасының сәнін кетіретін талаптар қойылып жатқаны белгілі. Бұл жөнінде не айтар едің?

- Иә, мұндай келеңсіз жағдай көрініс беріп қалуда. Америка және Еуропа құрлығынан келген кей құрамалардың бір жыныстылықты қолдауға бағытталған қолайсыз ұсынысы мені ойландырды. Білетіндей, Қатар – мұсылман мемлекеті, өзінің дәстүрі мен салты бар. Соған лайықталған тәртібі бар. Бәріміз керемет дамып жатқан қоғамның адамдарымыз ғой. Ендеше, Қатар мемлекетінің талабын мойындауымыз қажет. Сол мемлекеттерге барғанда өзге дәстүрдегі елдер оларға өз талабын қойған емес. Германия құрамасы суретке түсерде ауызын жауып алды. Дания құрамасы ФИФА-дан шығамын дейді. Әрбір мемлекеттің өзінің даму жолы бар. Соны барлығы түсінуі қажет. Франция құрамасының қақпашысы Уго Льюрис бұл жөнінде «2016 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатына келген құрамалардан біздің дәстүрімізді сақтауын қаладық қой. Ендеше, Қатар жерінде де сондай талаптарға көнгеніміз дұрыс» деді. Осындай көзқарас қажет.

- Бас жүлде кімге бұйырады деген ойдасыз?

- Мен қазірге дейін әлем чемпионы атанған сегіз құрамадан өзгесі жеңімпаз тұғырынан көрінсе деген ойым бар. 2010 жылы өз тарихында тұңғыш мәрте Испания алтын медаль алды. Енді сондай жетістікке тағы бір жаңа құрама қол созса деген ойым бар. Ол үлкен сенсация болады. Футбол миллиондардың, миллиардтардың ойыны болғанын қалаймын.

- Әңгімеңе рақмет.


Соңғы жаңалықтар