Жаңа Бас мүфти мұсылмандарды ұйытуға серпін береді - Шәмшедин Керім

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа Бас мүфти мұсылмандарды ұйытуға серпін береріне сенемін. Мұндай пікірді Алматыда Қазақстан мұсылмандарының YIII құрылтайы кезінде ҚазАқпарат тілшісіне «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, Құрылтай төралқасының мүшесі Шәмшедин Керім айтты.

Оның айтуынша, мұндай құрылтай басшылық құрамдағы өзгерістер мен жарғылық толықтыруларды көрсететін маңызды жиын.

«Қазақстан мұсылмандары кезекті құрылтайында жаңа мүфтидің кандидатурасы қаралды. Серікбай қажы Ораз үш мүфтидің қасында орынбасар болып қызмет атқарған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 312 делегат Ержан қажы Маямеровтың ұсынысын қабылдап, бірауыздан дауыс берді. ҚМДБ жарғысына өзгерістер енгізіліп, Төралқа құрамы, наиб мүфтилер  сайланды. Бұл Құрылтай басшылық құрамындағы өзгерістерді жарғылық толықтыруларды көрсететін серпіліске жетелейтін жиын», - деді Шәмшедин Керім.

Төралқа мүшесі жаңа Мүфти өзіне қойылған міндет-мақсаттарды абыроймен атқаратынына сенімді.

«Заман талабы өзгеріп жатыр. Жаңа Бас мүфти Қазақстан Мұсылмандар діни  басқармасына серпін береді, мұсылмандарды ұйытады, мемлекеттік органдармен байланысты күшейтеді, имамдардың бірлестікте жұмыс істеуіне ұйытқы болады деп сенеміз», - деді Шәмшедин Керім.

Айта кету керек, бүгін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына жаңа төраға, Бас Мүфти сайланды. Құрылтайға қатысушы 300-ден астам делегат Серікбай қажы Оразұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады. Жаңа Бас мүфти 4 жыл, яғни 2018-2022 жылдар аралығында қызмет атқаратын болады.

Сондай-ақ Бас мүфти орынбасарлары лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлы, Алау Əділбаев, Бауыржан Есмаханов сайланды.

Осы уақытқа дейін Бас мүфти қызметін атқарып келген Ержан қажы Малғажыұлы өз еркімен қызметінен кетті.

Соңғы жаңалықтар