Жаңа балалар омбудсмені: Сәуле Айтпаева - қазақтан шыққан тұңғыш әйел генерал

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалған Сәуле Айтпаева адами және кәсіби қырын Мемлекет басшысы лайықты бағалай білген Қазақстандағы мақтаулы нәзік жандылардың бірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәуле Мұханбедианқызы Қазақстанның тұңғыш әйел генералы. Осынау жоғары шенді 2013 жылы Отан Қорғаушылар күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі табыс еткен болатын.

Сәуле Мұханбедианқызы 1960 жылдың 22 мамырында Торғай облысы Жақсы кентінде өмір есігін ашқан. Оның өмірлік жолы қазақстандық әйелдің ең биік мақсатты бағындыра алатынын, дарын мен еңбек сүйгіштік табысқа жетудің басты шарты болатынын дәлелдейді.

Свердлов заңгерлік институтын бітіргеннен кейін Сәуле Мұханбедианқызы прокуратура  саласының барлық баспалдағын басып өткен. Оның еңбек жолы Ақмола облысы Целиноград қаласы Ленин ауданының прокуратурасында басталған. Одан кейін ол Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығында қызмет етеді. 2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының арнайы есеп және құқықтық статистика бойынша Комитет төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалады.

2017 жылдың шілдесінен - ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенатының конституциялық заңдылық, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі.

 «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері» атағына ие болған.

Әлбетте, карьерасының баспалдағымен бірге оның шені мен арнайы атағы да өскен.

«Әйелдерді әрдайым жауапкершілік сезімі өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Ол әуелден бейбітшілікті, қауіпсіздікті, тыныштықты жақсы көреді. Сондықтан, құқық қорғау органдарындағы қызмет шынында да конституциялық құқықтың қорғалуы үшін жұмыс істеуге жігерлендіреді», - деген еді Сәуле Айтпаева генерал шенін алған кезінде.

«Біздің әкелереміз бен аналарымыз аңсаған Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің мемлекеттің гендерлік саясаты ұлттық дәстүр мен танымның негізінде қалыптасып келеді. Біздің бәріміз бұл саясатқа бағытты Тұңғыш Президент беріп отырғанын білеміз. Біздің бүкіл өміріміз Конституция негізінде құралады. Осы ретте Негізгі Заңның 27-бабында: «неке мен отбасы, ата-аналар мен балалар мемлекеттің қорғауында» деп жазылғанын еске салғым келеді».

Соңғы жаңалықтар