«Жаңа Алматының» дамуына $2 млрд көлемінде қаржы керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Жаңа Алматы» ұзақ мерзімді жоспарын жүзеге асыру үшін 2 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қаланың инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңартуды бастаймыз. Қалада өмір сүру сапасын арттыру үшін арнайы ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар құрылады. Бұл өзгерістер бірінші кезекте Алматы агломерациясы, шеткі аудандарды дамытуға қатысты болады. Жоспар бойынша қаладағы ең өзекті сумен қамту, жарықтандыру, абаттандыру мәселелері бірінші міндет етіп қойылады. Алматы полиорталық қағидатымен дамитын қала болады», - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Almaty Investment Forum форумында.

Оның айтуынша, қаланың инфрақұрылымын дамытудың өзі алдағы 5 жылға жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

«Жаңа Алматы» жоспарының өзін жүзеге асыруға 834,5 млрд теңге қаражат керек. Қазіргі бағам бойынша бұл 2 млрд 155 млн АҚШ долларына тең», - деді әкім.

«Алматының барлық басымдықтары қала экономикасында құрылымдық маневр бастауға мүмкіндік береді. Бұл маневрдің ерекшелігі неде? Қала экономикасында қазір көшбасшылық позицияны көтерме және бөлшек сауда алып отыр (32%). Одан кейін қаржылық операциялар (10%), жылжымайтын мүлікпен қатысты операциялар (8,3%). Өнеркәсіп, құрылыс, әлеуметтік экономика үлесі аз ғана. Сауданың өзі үйреншікті - архаикалық сауда. Электронды сауданың көлемі 3-5%-дан аспайды. Бұл қаланың дамуына тежеуші фактор болатыны рас. Қала экономикасының әлсіздігі де осында», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Құрылымдық маневр экспорттық мүмкінкіндікті арттырып, Алматының шетелдік экономикадағы үлесін арттыруды мақсат тұтады.

«Алматы тек осы жағдайда ғана экономикалық өсімнің жаңа моделіне қол жеткізе алады. Біз инвесторлардың қызығушылығы туындайды деген үміттеміз», - деді әкім.

Соңғы жаңалықтар