Жаңа әліпбидің емлесі қазақ тілінің табиғатын сақтауға мүмкіндік береді – Мархаба Тұрсынова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Мархаба Тұрсынованы латын графикасындағы жаңа жетілдірілген қазақ әліпбиінің артықшылықтарына, емле ережесіне қатысты сұхбатқа тартқан едік.

- Мархаба Ахметқалиқызы, қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасына қатысты қоғамда оң пікір байқалады. Мамандар да оның тіліміздің табиғатына сай келетіндігін айтуда. Сіздің пікіріңізше, жаңа әліпбидің негізгі артықшылықтары қандай?

- Қазақ жазуын латын графикасына көшіруге байланысты мәселе ХХ ғасырдың 90-жылдарында көтерілгенімен, қарқынды түрде іске аса бастауы 2017 жылдан бергі кезеңге сәйкес келеді. 2017 жылдың 11 қыркүйегінде ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтіп, 25 әріпке қоса 8 диграфтан тұратын әліпби нұсқасы таныстырылды. Сын көп айтылды да, ол бекітілген жоқ. Екінші нұсқа ретінде сол жылдың 26 қазанында құрамында 9 апостроф диакритикасы бар әліпби таныстырылды. Арада 4 айға жуық уақыттан соң, яғни 2018 жылғы 19 ақпанда 6 акут диакритикасы, 2 диграфы бар әліпби бекітілді.

Мұны айтып отырған себебім, алдыңғы әліпбилердегі дикритикалық белгілер таңбаланған әріптердің табиғатын ашып бере алмады. Акут та, апостроф та дауысты, дауыссыз дыбыс таңбаларына ортақ болып, олардың жуан-жіңішкелігін ажыратпады. Диграф арқылы жеке әріптерді беру «бір дыбыс – бір әріп» принципіне сәйкес келмеді.

Диакритикалық таңбалардың өз қызметі бар десек, қазіргі жетілдірілген әліпбиге де әлемдік тәжірибеде қолданылып жүрген диакритикалық белгілер алынды. Сол арқылы умлаут қойылса, жіңішке ә, ө, ү дауыстыларын танып, седиль арқылы берілсе, ызың, қатаң ш дыбысының таңбасы деп түсінеміз.

Сонымен қатар, й мен у дыбыстарының таңбасы алдыңғы әліпбилерде ı және ý арқылы таңбаланып, көпшілікке оқып-жазуда қиындық туғызды. Басқа шет тілдері арқылы таныс i мен u арқылы таңбаланса деген ұсыныстар да айтылды. Қазіргі жетілдірілген әліпбиде бұл әріптер базалық латын әліпбиіндегі өз таңбасымен беріліп отыр.

- Ал, қазақша жазу емлесі қаншалықты өзгеруі мүмкін? Бұрыңғы емлеге қарағанда қиындай ма әлде жеңілдей ме?

- Емледегі жаңалықтардың бірі – кірме сөздердің емлесі. Кириллицадағы 42 әріп 31-ге қысқарған соң «я, ю, э, ё, ч, ц-ларды қалай жазамыз?», «жіңішкелік белгі болмаса, сөздің мағынасы өзгеріп кетеді», «циркті – сирк», «училищені – ушилише» деп қалай айтамыз?» «магний, калий» дегендегі бір и жоқ па?» деген сұрақтар көп болды. Мұндай сұрақтардың барлығына емле ережесіне сүйенбей жауап бере алмаймыз. Ал емле ережесінде шеттілдік сөздерді игерудің жаңа механизмі анықталды деп айтуға болады. Фонетикалық принциппен жазылатын сөздер орфографиямызда бұрыннан орын алған: кепкі, пәлте, кәстөм тағы басқаралары. Енді мұндай сөздердің қатары көбейіп, «фестивәл, факүлтет, семент, продүсер» түрінде жазатын боламыз. Аралас буынды сөздерді оқытуда транскрипцияға сүйенеміз, «ділда, рәсуа, ақ отау, келе қалды» деп жазып, «ділдә, рәсуә, ағотау, келеғалды» деп орфоэпияға сүйеніп айтамыз.

Емле ережесінде бұрынғы ережемен салыстырғанда көп айырмашылық жоқ. Қиындық бола қоймас деп ойлаймын. Жаңа емле ережесін үйрену барысында алдында қиынсынғандарымен, үйрене келе жаңа ереже қазақ тілінің табиғатын сақтауға мүмкіндік беретіндігін мойындайды. Оның үстіне құрамында әліпбиде бар әріптерден тұратын супервайзер, ректор, файл, сайт, конвертор сынды кірме сөздер түпнұсқасындағыдай жазылады. Қазір өтпелі кезеңде ереже көбірек болып көрінуі мүмкін. Себебі орыс графикасына негізделген жазудың қазіргі жазудағы айырмашылығын көрсету мақсатында қосымша ережелер орын алып отыр. Келе-келе «ю, я әріптерінің емлесі, жіңішкелік белгісі бар сөздердің емлесі» дегендер болмайды.

- Бұрыннан-ақ кириллицаның қазақ тілінің фонетикасына теріс әсер еткені айтылып келеді. Осы жағдайды нақты мысалдарымен түсіндіріп берсеңіз. Жалпы, жаңа әліпби жағдайды түзеуге мүмкіндік бере ме?

- Кириллицаны 80 жылдан артық пайдаланып келеміз. Орыс графикасына негізделген қазақ жазуына қатысты емле ережеміз де бар. Сауатсыз да емеспіз. Дегенмен латынға көшудің тиімділігі, маңыздылығы туралы бүгінгі күні көпшілік құлақдар болып отыр.

Кириллицаның қазақ тілі фонетикасы кері әсері ретінде дыбыс санынан әріптің бір жарым есе артық болуын, қазақ тілі емлесінде орыс тілі орфографиясының кей жағдайда басымдылығын айтуға болады. Мысалы, құжаттарымызда аты-жөніміз Серік емес, Серик, Іңкәр емес, Инкар, Айнагүл емес, Айнагуль сипатында өзгеріске ұшыраса, жер-су атауларынан да мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қазақ тіліне басқа тілден енген сөздерді орысшалап емес, неғұрлым қазақшалап қолдануымыз керек. Сонда ғана бізде өзімізге тән акцент пайда болады. Сондай-ақ, жоғарыда айтқандай, басы артық әріптерден құтылу, өзімізге тән емлеміздің болуы қазақ тілін таза қалпында сақтауға мүмкіндік береді.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар