Жаңа әліпбидегі диакритикалық таңбалар тіліміздегі кейбір дыбыстардың ерекшелігін айқындауда үлкен рөл атқарады – Ләззат Еспекова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Таяуда ғана жарияланған латын графикасындағы жаңа жетілдірілген қазақ әліпбиіне қатысты қоғамда пікір көп. Көпшілік бұл әліпбиді қолдап та отырғаны белгілі. Дегенмен, кей тұстарын түсінбей жатқандар да кездеседі. Осыған орай жаңа әліпбидің орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унверситетінің доценті Ләззат Еспекованы сөзге тартқан едік.

- Ләззат Әубәкірқызы, алдымен жаңартылған әліпбидің бұған дейін әзірленген әліпбилерден айырмашылығын айтып берсеңіз...

- Жаңа жетілдірілген әліпби нұсқасы 31 әріптен тұрады. Оның құрамында берілген әріптердің орналасуы дәстүрлі нормаға сай. Әліпби құрамында умлаут, бревис, макрон, седиль секілді диакритикалық таңбалар пайдаланылады. Бұл диакритикалық таңбалар әрбір дыбыстың ерекшелігіне байланысты қолданылады. Алғашқы бекітілген әліпбиде акут диакритикалық таңбасы қолданылды. Әліпбиде акут таңбасы дауысты дыбысқа да, дауыссыз дыбысқа да қойылған болатын. Жалпы, акут белгісі - дауысты дыбыстың ерекшелігін айқындайтын таңба. Сондықтан ұсынылған соңғы әліпби нұсқасында акут белгісі алынып, оның орнына 4 диакритикалық таңба енгізілді.

Жаңартылған әліпбидің тағы бір ерекшелігі «бір дыбыс – бір таңба». Алғашқы бекітілген нұсқада Ш таңбасы екі әріппен ұсынылғаны белгілі. Ш дыбысының мәтін ішінде қолданылу жиілігі жоғары болғандықтан, оны екі таңбамен беру көптеген қиындықтар тудырды. Мәселен, ashana (асхана) деп жазылған сөз «ашана» түрінде, Ashat (Асхат) сөзі «Ашат» деп оқылды. Міне, осындай жайттар дыбыстың оқылуына да, жазылуына да қиындық тудырды. Ұсынылған жаңа әліпби нұсқасында «бір әріп – бір дыбыс» принципіне сай Ш таңбасы Şş таңбасымен ауыстырылды. Осылайша жаңартылған әліпби әлдеқайда жеңілдей түсті.

Тағы бір өзгеріс Ң дыбысына қатысты қолданылған белгі. Бұл ретте Ꞑ деген таңба беріліп отыр. Қазіргі уақытта жастардың көпшілігі Н мен Ң-ды ажырата алмайды. Ал қазақ тіліне тән мұрынжолды Ң дыбысының ерекшелігін жоғалтып алмау үшін сәл бөлектеу Ꞑ таңбасын енгіздік. Бұл таңба халықаралық стандарт бойынша мұрынжолды дыбыстарға беріледі.

- Жаңартылған әліпбиге төрт бірдей диакритикалық таңба енгізілгенін айтып отырсыз. Бұл қандай қажеттіліктен туындады?

- Диакритикалық таңбалар - жеке әріптің ерекшелігін көрсету немесе нақтылау үшін қолданылатын белгілер. Көптеген зерттеушілер бұл таңбаларды «тілдің дыбыстық ерекшелігін айшықтайтын тəсіл» деп қарайды. Диакритикалық таңбалар әріптің үстінде, астында орналасып, дыбыстардың жіңішкелігін не созылыңқылығын, әуезділігін, ұзақтығын және тағы басқа ерекшеліктерін айқындауда пайдаланылады. Әліпбиде жіңішке дауысты Ә, Ө, Ү дыбыстары умлаут, жуан дауысты Ұ дыбысы макрон, ұяң Ғ дауыссыз дыбысы бревис, ызың Ш дауыссыз дыбысы седиль таңбасымен беріледі.

Умлаут диакритикалық белгісі латын әліпбиінде жазатын көптеген тілдерде бар. Мысалы, швед, неміс, фин, венгр, түрік, әзербайжан және басқалары. Бұл таңба жіңішке дауысты дыбысты беруде жиі қолданылады. Әліпбиде умлаут таңбасы Ә, Ө, Ү секілді жіңішке дауыстылардың үстінен қойылады. Бұл таңба қазақ тіліне тән жіңішке дауыстыларды айқындауда маңызды қызмет атқарады.

Әліпбиде қолданылған ерекше таңбалардың бірі – седиль. Бұл диакритикалық таңба француз, португал, албан, чуваш, румын, әзербайжан, өзбек, түркімен, түрік және тағы басқа тілдердің әліпбилерінде қолданылатын белгі. Бұл таңба, негізінен, ызың дауыссыз дыбысты таңбалау үшін жиі пайдаланылады. Седиль (ілмек) кейбір дауыссыздардың астына айтылуындағы ерекшелікті көрсету мақсатында қойылады. «Седиль» атауы Z әрпінің атауынан шыққан. Француз тілінде седиль [cédille], португал тілінде [cedilha], ал каталан тілінде «ce trencada» деп аталады. Седиль ең көп таралған белгілер қатарына жатады. Бұл таңба ескі испан тілінде аффрикат /ц/ дыбысын белгілеу үшін қолданылған. Бұл таңба француз, португал, каталон, окситан сияқты басқа тілдерде жазу үшін қабылданған. «Жіңішке» дыбысты бейнелейді. Түрік, албан, әзербайжан, башқұрт, татар, түрікмен, чуваш және тағы басқа елдердің әліпбиінде аффрикат дыбысты немесе ызыңды білдіру үшін қолданылады. Сол сияқты бұл таңба румын тілінде де кеңінен пайдаланылады. Біздің әліпби нұсқасында да бұл диакритикалық таңба (Şş) ызың дыбыстың (Шш) белгісі ретінде қолданылған.

Дауысты дыбыстарға қатысты диакритикалық таңбалардың бірі – макрон (грек. «μακρόν» – «ұзын», «ұзақ»). Макрон таңбасы халықаралық әліпбиде жуан дауыстыны белгілеуде пайдаланылады. Диакритикалық таңба әріп үсті қойылатын таңбалар қатарына жатады. Ұсынылған жобада макрон таңбасы жуан Ұ (Ū ū) дауыстыны беруде пайдаланылып отыр.

Дауыссыз дыбыстарға қатысты қолданылатын диакритикалық белгілердің бірі – бревис таңбасы. Бұл таңба халықаралық практикада қысқа дыбысты беруде қолданылады. Қазақ тіліндегі Ғғ дыбысы айтылу орнына қарай тіл фонемалары, оның ішінде қысқа айтылатын тіл арты фонемасына жатады. Сондықтан беріліп отырған бревис таңбасы дыбыстың ерекшелігіне толық сай келеді.

Сонымен жаңа әліпбидің құрамына енген 4 диакритикалық таңба тіліміздегі кейбір дыбыстардың ерекшелігін айқындауда үлкен рөл атқарады. Әрі көпшіліктің бұл таңбаларды меңгеруіне де септігін тигізеді деген ойдамыз.

- Қазіргі уақытта жаңартылған әліпбиге қатысты талқылау қызу жүріп жатқаны белгілі. Осы ретте кейбірлеулер кирилицадан кірген кейбір әріптетердің алынып тастауына түсініспеушілік танытуда. Осыған қатысты пікіріңізді білсек...

- Жалпы қазақта басқа тілден енген сөздерді тілімізге бейімдеп қолдану бұрыннан бар. Мысалы, «ящикті» жәшік, «столды» үстел, «конфетті» кәмпит дейміз. Осылайша, тілімізге бейімдеп қолданудың арқасында бұл сөздер төл сөздеріміздің қатарына қосылып, лексикалық қордан орын алды. Жалпы, барлық кірме сөздердің тілдік қорымыздан баламасын табу мүмкін емес. Оның ішінде қаншама термин де бар. Терминдердің барлығын қазақ тіліне аудару да мүмкін еместігі белгілі. Сондықтан төл әліпбиіміз болған кезде басқа тілден енген сөздерді тілімізге бейімдеуіміз керек. Мысалы монтёр деген сөздегі «ё» деген әріпті алып тастап монтүр деп қолдасақ ешқандай ағаттығы жоқ деп ойлаймын. Қайта кірме сөздерді тілімізге бейімдеуіміз қажет.

- Жаңа әліпбиге көшкенде мектеп оқушыларына қиындық болмай ма?

- Құдай қаласа, алдағы күзде менің де балам мектеп табалдырығын аттайды. Меніңше, кішкентай балалар жаңа әліпбиді тез меңгеріп кететін сияқты. Бірақ, ересек адамдар кішкене қиналып қалады-ау деген күдігім де бар. Қазір 50-60-тан асқан адамдардың латын негізді жаңа қазақ әліпбиін қабылдауы қиындыққа соғады. Ал ағылшын тілін оқып жүрген балалар үшін жаңа әліпбиді үйрену жеңіл болады.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар