Жаңа әкім Шымкент тұрғындарының жалақысын көтеруге күш салады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент қаласына республикалық мәртебе берілгеннен кейін әкімдік қызметкерлері Астана мен Алматымен бірдей жалақы алады. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қарапайым жұмысшылардың жалақысын да көтеруге күш салмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұрын Шымкент қаласының аппараты облыстық маңызы бар қаланың деңгейімен жалақы алып тұрды. Енді, республикалық мәртебе берілгеннен кейін әкімдікте жұмыс істейтін қызметкерлердің категориялары жоғарылайды. Соған қарай жалақысы да өсетін болады. Жалақының көлемі Астана мен Алматымен бірдей болады», - деді Ғ.Әбдірахымов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Әкімнің айтуынша, мәртебенің ресми түрде көтерілгенін әрбір қала тұрғыны сезінуі керек.

«Халық қазіргі өзгерістерді қысқа уақыттың ішінде көруі тиіс. Сондықтан мен қазір кәсіпкерлермен сөйлесіп, өз қызметкерлерінің жалақысын көбейту мен жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмын. Оларға «сендер де жалақы жүйелеріңді қарастырып, жақын арада жұмысшылардың айлығын көтеру мәселесін шешіңдер» деп айтып отырмын. Сонымен қатар, бізде үлкен құрылыс басталайын деп жатыр. Хайвил, BI Group, Базис сияқты компаниялар келіп тұрғын үйлер саламыз деп отыр. Ал салынатын құрылыс көбейсе, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мықты компаниялар келсе, стандарттар да көтеріледі. Сосын құрылыстың төңірегінде шағын және орта бизнес дамиды деп үміттеніп отырмыз. Менің ойымша, бұның барлығы бір жылдың ішінде қаланың дамуына үлкен серпін береді. Соның бәрін қарапайым халық сезінетін болады», - деп атап көрсетті Ғ.Әбдірахымов.

Фото: i.ytimg.com

Соңғы жаңалықтар