«Жаңа адамдар» қозғалысы «Жаңа Қазақстанның» жаршысына айналмақшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада білім алып жүрген бір топ жас «Жаңа Қазақстан» бастамасына үн қосу үшін «Жаңа адамдар» деген ұйым құрған болатын. Бүгінде құрамына 250 жас топтасып үлгеріпті. Белсенді топтың өздерін «Жаңа адамдар» деп айрықша атайтындай қандай ерекшелігі бар екенін білу үшін аз-кем сұхбат құрған едік.

Жарты жыл бұрын құрылған ұйымның кеңсесі аса жайлы көрінді. «ЭКСПО» қалашығындағы ғимараттың бір бұрышынан ауданы 100 шаршы метрден асатын кампус ашып алған. Өздерінің айтуынша, бұл кеңсенің жалдау ақысын демеушілері төлеп отыр. Бірақ демеушілерінің кім екенін атаудан бас тартты. «Жастарға жасаған жақсылығымды жарнамасыз-ақ атқарайын», - деп өтініш айтқан көрінеді.

Қойған сұрағымызға қысқа ғана жауап қайырып отырғандарына қарап, сылдыр сөзбен уақыт өткізуден әбден жалыққан, әңгімеден гөрі әрекетке басымдық берген жастар шығар деген ой келген. Бүгінге дейін іске асырып үлгерген бірнеше жобаны байыппен түсіндіруге тырысты. Дегенмен, ең сүйекті деген жобалары әзірге іске аспапты.

«Жаңа адамдардың» астарында «Жаңа Қазақстан» бастамасы жатыр-ау деген тұспалымыз расқа айналды.

«Ұйымның туған күні – Президентпен кездескен күніміз. Ол бір ерекше кездесу болған еді», - деп бастады әңгімесін топ белсендісі, қозғалыс ұйымдастырушысы Алпамыс Әбілов.

Тамызда құрылған қозғалыстың аяқ алысы ұнаса керек, кейін Мемлекет басшысы арнайы уақыт бөліп, ұйым өкілдерімен кездескен екен.

«Былтыр тамызда бір топ студент жиналып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру жайында айтқан тезистерін талқылай бастадық. Бұл Қазақстан қоғамы үшін жаңа ұғым, жаңа бағыт болғандықтан көп дүниені БАҚ-тан іздеп табуға тура келді. Сонда байқағанымыз, «Жаңа Қазақстанды» тіпті жауапты қызметтегі аға буын өкілдерінің өзі әркелкі түсіндіріп жатты. Тіпті бірінің айтқан уәжі екінші айтылған уәжге қайшы келетін тұстар кездесті. Осылайша «Жаңа Қазақстан» дегеннің не екеніне өз жауабымызды беру керек деп шештік. Өз ортамызда түрлі пайымдар айтылып, соның негізінде қалыптасқан ортақ түсініктер бәрімізді қозғалыс жетекшісі Әсел Бәденованың маңайына топтастырды. Қазір ойлап отырсақ, біздің қозғалыс сол кезде пайда болған екен», - дейді Алпамыс Әбілов.

Құрамында 250 мүшесі бар ұйымға Астанадағы жоғары оқу орындарының бәрінен студенттер тартылған. Бірақ өздері қатарларына еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі адамдардың бәрін қабылдауға дайын екендерін айтады.

«14 қарашада Президент бізбен кездесті. Біз сол кездесуде «Жаңа Қазақстанның» жаңа адамдары туралы кеңінен әңгіме өрбіттік. «Жаңа Қазақстан» әрқайсымыздың өзімізді жаңартуымыздан басталады. Яғни, әркім оны өзінен бастауы керек. Өз ойыңды өзгертіп, масылдықтан арылмасаң, еңбексүйгіштікке ұмтылмасаң, білім культін ту етпесең, «Жаңа Қазақстан» туралы айтудың өзі артық. Сондықтан әр белсенді бірінші кезекте өзімен жұмыс істеуі керек. Осы ойымызды Президентке айтып едік. Ол да құптады. Оның біз атаған тезистерді 100 пайыз қуаттағанын көріп, одан бетер жігерлендік. Сол үшін де 14 қарашаны қозғалысымыздың ресми туған күні деп белгіледік», - дейді Алпамыс.

Бұл идеялары қоғамға қаншалықты өтімді екенін білу үшін жастар көше аралап, бірнеше сауалнама жүргізіп көріпті. Соның бірі астаналықтардың масылдыққа қаншалықты бейім екенін анықтауға арналған көрінеді.

«Біз «MEGA Silk Way» сияқты кешендерде, көшелерде сауалнама жүргіздік. Бірінші «Масылдыққа» көзқарасыңыз қалай?», - деп сұрадық. Бәрі бірауыздан «Ол жаман» деп жауап берді. «Ал егер табысына, жұмысының бар-жоғына қарамастан. әрбір қазақстандыққа базалық көмек ретінде 100 мың теңге төленуі керек» деген референдум өтсе, қолдап дауыс бересіз бе», - деп сұрадық. 94-95 пайызы «Иә, қолдаймын» деп жауап берді. 2016 жылы Швейцарияда осындай референдум өткен. Ол елде халықтың 75 пайызы базалық көмектен бас тартқан. Сонда қазақстандықтар масылдықты сөз жүзінде жазғырады, ал іс жүзінде мүмкіндік болса, «игілігін» пайдаланып қалуға қарсы емес. Соған қарағанда, масылдық болған жерде даму, жасампаздық, алға жылжу болмайтынын түсіне бермейтін сияқтымыз», - дейді ол.

Бұл жастар қазақстандықтардың бойына еңбекқорлықты бала кезінен сіңіру керек деп есептейді. Сол үшін «Жаңа Қазақстанның» құндылықтарын баланың зейініне лайықталған боялатын суретті альбом құрастырыпты.

«Альбомның әр бетінде еңбекқорлық, білімнің құдыреті туралы балаң түсініктер қалыптастыратын суреттер берілген. Бала соны бояп отырып, «Жаңа Қазақстанның» құндылықтарын санасына біртіндіп сіңіре бастайды», - деп түсіндірді қозғалыс белсендісі Нарбек Қожахметов.

Бұлар қолға алған тағы бір жоба – «Жаңа Қазақстан орнатушының күнделігі» дейтін қойынкітап.

«Оның алғашқы тиражын осы жолы жаңадан тағайындалған министрлер, өзге де орталық мемлекеттік орган басшыларына тараттық. Мәдениет, экология, білім, индустрия саласына салыстырмалы түрде жас министрлер тағайындалғанын білесіздер. Міне сондай адамдарға өздерінің «Жаңа Қазақстан» форматындағы басшылар болуы керектігін күнделікті естеріне салу үшін осы күнделікті табыстадық. Оның әр беті күнтізбенің бір күніне арналған. Әр параққа Президенттің «Жаңа Қазақстан, «Екінші Республика» туралы айтқан тұжырымдарын қысқартып бердік. Ендігі тираждарын кімге тапсыратынымызды әлеуметтік желі арқылы халықпен ақылдасып отырып іріктейміз. Желіде тастаған сауалдардарымызға қалдырған пікірлер негізінде лайықты тұлғаларды іріктеп, соларға таратамыз. Бұл бір жағынан «Жаңа адамдар» идеясының қоғам ішінде таралуына ықпал етсе, екінші жағынан іріктелген тұлғаларға «Жаңа адам» статусын халықтың бергенін ескертіп тұрады», - дейді Нарбек.

Ал «Ең басты күнтізбе» дейтін күнпарақтың әр бетіне «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенді өкілдерінің суретімен бірге Президенттің биылғы Жолдауда айтқан ойлары, бастамалары туралы қарапайым халықтың пікірі, пайымы берілген.

Біз кампусқа кешкі сағат 18.00-ден кейін бас сұққан болатынбыз. Сабақтан босаған студенттер лек-легімен келіп, қауқылдасып жатты. Бір топ жас идеяларын шай үстінде талқылап жатса, енді бір топ теннис үстелінің басында пысықтап тұрғандарын айтты. Қолына қылқалам алып, ойын бояумен кестелеп жатқан бірнеше жас өз алдына бөлек жүр. Компьютер алдындағы бірнеше жас интернеттен статистика алып, соған талдау жасап жатқандай көрінді. Бір бұрышта кино көріп, музыка тыңдап отырған бірнеше жасты да көзіміз шалып қалды.

«Басында бұл ұйымның атына қарап, скептикалық көзқараспен қабылдадық. Бірақ бастамашыл топпен танысып, істеп жүрген жұмыстарын көрген соң бағыттары ұнады. Бұл жерде мүмкіндіктер көп. Жастарды қолдаудың жаңа бір арнасы екенін ұқтық. Өзімізді дамыта отырып, елге пайдалы іске атсалысу мүмкіндігі бар. Сол мүмкіндік ақыры мені де осы қозғалыстың мүшесіне айналдырды», - дейді Саяжан Қайдар

Саяжан Қайдар мен Бота Әнуарбек қазір университет қабырғасында баспа ісін меңгеріп жүр.

«Өз саламызды айтсақ, қазір жастар арасында сауатты сөйлеу, жазу, пікір алмасу кәдімгідей проблемаға айналып бара жатыр. Басында сленг ретінде кірген «нестеватсын - киноқараватырқ», деген сияқты сөздер нормаға айналып барады. Осы қозғалыс аясында соған тосқауыл қойсақ деп, бір жоба бастадық. Әзірге бүге-шігесін айтпай-ақ қояйық. Арық сөйлеп, семіз шыққымыз келеді. Жалпы сленгтің бәрін тілге норма ретінде қабылдай беру «Жаңа Қазақстанның» жаңа адамдарына жат қылық болуы керек», - деді Бота Әнуарбек.

Әңгіме аяғында жастар өз қатарларына «Жаңа Қазақстан» құруға іспен үлес қосқысы келетін кез келген адамды, жасына, қызметіне қарамастан қабылдауға әзір екендерін айтты.

«Әзірге Астана жастарын «Жаңа Қазақстан» бастамасын іске асыруға жұмылдырсақ дейміз. Бұл талпынысымыз жеміс беріп жатса, сәтті тәжрибемізді бүкіл республикаға таратқымыз келеді», - дейді Алпамыс Әбілов.


Соңғы жаңалықтар