Жан Кособуцкий салмағы 146 кг қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Мәскеуде өткен кәсіпқой бокс кешінде суперауыр салмақтағы қазақстандық Жан Кособуцкий (10-0, 9КО) кезекті жекпе-жегін өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат әлеуметтік желідегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кособуцкий 40 жастағы тәжірибелі спортшы, бұрынғы әлем чемпионы, оңтүстікафрикалық Осборн Мачиманмен (23-12-2, 17КО) айқасты.

Кездесу алдында салмақ өлшеу рәсімінде Кособуцкий – 104 кг, Мачиман 146 кг екені анықталды. Алты раундқа шақталған жекпе-жекте Кособуцкий қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді.

Осылайша, Жан Кособуцкий кәсіпқой бокста он бірінші мәрте жеңіске жетті, соның онын нокаутпен аяқтады. Осборн Мачиман он үшінші рет жеңіліске ұшырады.

Айта кетейік, Мачиман 2008 жылы жерлесі Корри Сандерсті нокаутпен жеңіп, әлем чемпионы атанған.



Соңғы жаңалықтар