Жан Кособуцкий мен Нұртас Әжбенов қарсыластарын нокаутқа жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінің андеркартында қазақстандық екі спортшы өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВКонтакте желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, суперауыр салмақтағы Жан Кособуцкий (12-0, 11КО) Universum Box-Promotion промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырғаннан кейінгі алғашқы айқасын өткізді. Дубайда ол WBO Africa титулының бұрынғы иегері Гана өкілі Абрахам Табулмен (17-3-1, 14КО) кездесті. Жекпе-жек сегіз раундқа есептелді. Кособуцкий бірінші раундта Абрахам Табулді нокдаунға, екіншісінде нокаутқа жіберіп, жеңіске мерзімінен бұрын жетті.

Осылайша, қазақстандық боксшы профидегі 13-інші жеңісіне қол жеткізді, оның 12-сін нокаутпен аяқтады. Айта кетейік, ол мұның алдындағы айқасында IBO Inter-Continental белдігін жеңіп алған болатын.

Сондай-ақ Дубайдағы кештің андеркартында екінші жартылай орта салмақтағы Нұртас Әжбенов (9-0, 4 КО) шықты. Ол «Жұлдызды бала» лақап атты филиппиндік Джей Ару Магбумен (18-5-2, 9 КО) айқасты. Сегіз раундқа созылуы тиіс жекпе-жек бірінші раундта Әжбеновтің пайдасына аяқталды. Қазақстандық боксшы қарсыласын алдымен нокдаунға, артынша нокаутқа жіберді.

Бұл, 25 жастағы Н.Әжбеновтің кәсіпқой рингтегі тоғызыншы жеңісі. Ол Билли Джо Сондерспен, Тайсон Фьюримен және қазақстандық бірнеше өзге боксшымен жұмыс істейтін MTK Global промоутерлік компаниясымен келісімшартта.




Соңғы жаңалықтар