«Жан досым» әнінің шығу тарихын білесіз бе

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы және оның алғашқы жетекшісі Досым Сүлеев көпшілік сүйіп тыңдайтын «Жан досым» әнінің шығу тарихын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Досым Сүлеев бұл әнді Мәскеу болат және қорытпалар институтының аспирантурасында оқып жүрген кезінде шығарған.

«Біздің ансамбль мүшелерінің барлығы дерлік өздерінің қызмет бағытын таңдап, түрлі салалар бойынша жұмысқа кірісе бастады. Мен ғылым жолын таңдап, Мәскеу болат және қорытпалар институтының аспирантурасына түстім. Бұл уақытта ансамбль мүшесі Құрманай Омарова педагогикалық жұмысқа, ал Шәріп Омаров партиялық қызметке ауысты. Мәскеуге кетіп бара жатқанымда өнерден ажырап қалмас үшін олар маған гитара сыйлаған болатын. Әрине, аспирантурада оқи жүріп, ән жазуды жалғастырдым. Ол кездерде «Той жыры», «Алматы түні» сияқты әндерім таныла бастаған еді», - деп еске алды Досым Сүлеев.

Айтуынша, оған туған бауырларындай болып кеткен ансамбль мүшелерінен алыстап, Мәскеуге аттанған алғашқы кезең қиын болған.

«Бұл кезең жүрегімде, жалпы ішкі жан-дүниемде үлкен із қалдырды. Алғашқы айларда қатты қиналдым. Әсіресе, ғылыммен айналысу оңайға соқпады. Осындай сәттерде гитараны қолға алып, шабыттанып, ән шығаратынмын. Осылайша, «Жан досым» әні жазылды», - дейді ол.

Кейін Досым Сүлеев «Жан досымның» әуенін нотаға түсіріп, Алматыдағы ансамбль мүшелеріне жолдаған.

«Біздің ансамбль Мәскеу арқылы Чехословакияда өтетін қойылымға баратын болды. Жолай мен оқыған университетте арнайы концерт ұйымдастырды. Ғылыми жетекшіммен, профессорлармен, академиктермен, студенттермен бірге алдыңғы қатарда отырдым. Ансамбль өз репертуарындағы әндерді орындап жатты. Кенет: «Құрметті көрермендер, тағы бір ән! Бұл – Досым Сүлеевтің «Жан досым» әні!» - деп жариялады. Мен бұған дейін олардың орындауында бұл әнді естіген емеспін. Содан кейін Құрманай сахнаға шығып, «Жан досымды» айта бастады. Көңілім босап, көзіме жас келді. Содан бері бұл ән халық арасында кең таралып, оның ғұмыры әлі күнге дейін жалғасып келеді», - деді туынды авторы.

Айта кетейік, дәл осы ән жазылған Досым Сүлеевтің гитарасы 8 желтоқсанда елордада өтетін XIII қысқы қайырымдылық балында аукционға қойылады.


Соңғы жаңалықтар