Жамбылдықтар Әз-Наурызды 9 күн тойлайды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында биыл екінші жыл қатарынан Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі 14 наурыздан 22 наурызға дейін аталып өтіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Брифингке облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Алдымен спикерлер «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекесін ұйымдастырудың іс-шаралар жоспары туралы толығырақ мәлімет берді.

Дүйсенәлі Бықыбаевтың айтуынша, мерекені тойлау өңірде бүгіннен бастау алмақ.

«14 наурыз - «Амал» күні. Жұрт амандық-саулық сұрасып, үлкен-кіші қыстан аман-есен шығып, Әз Наурызға жеткеніне шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектер айтады. Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің алдында «Амал күніне» орайластырылған қойылымдар ұйымдастырылып, бауырсақтар таратылады. Ал 15 наурыз - «Тағызым» күні қасиетті жұма күніне орайластырылып қойылғандықтан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағида бойынша ата-баба рухына Құран бағышталады. 16 наурыз - «Алас» күні тазалыққа мән беріліп, «Бұлақ көрсең - көзін аш!» деген атпен жалпыхалықтық сенбілік өткізіледі»,-дейді Дүйсенәлі Бықыбаев.

Сондай-ақ, 17 наурыз - «Мейірім» күні белгіленіпті. Бұл күні көп балалы аналарға, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж мүгедек жандарға қайрымдылық жасалады. Ал, 18 наурыз - «Ынтымақ» күні, 19 наурыз - «Жаңару күні», 20 наурыз - «Береке күні» деп аталып, тақырыпқа орай әр күні мерекелік думандар, игі шаралар ұйымдастырылмақ.

Айта кету керек, 21 наурыз - Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Ы. Сүлейменов көшесінің бойындағы күрделі жөндеуден өткен саябақ «Жастар аллеясы» деп қайта аталып, пайдалануға беріледі. Аталған саябақта «Махаббат» аллеясы, «Білім» алаңы, «Жастар» интернет-кафесі, «Кітап» және «Сахна» алаңшасы ашылмақ.

«Айтулы мерекенің соңғы күні 22 наурыз - «Жаңа күн», яғни облыс және аудан тұрғындары жалпыхалықтық серуенге шығады. Тұрғындар өз жақындарын, туыстарын, көршілері мен алыс-жақын ағайындарын мерекемен, «Жаңа жылдың» алғашқы «Жаңа» күнімен құттықтайды», - деді Берік Уәли.

Соңғы жаңалықтар