Жамбылдық жұмысшыларға 108 млн теңге жалақы қарызы төленбей келген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жалақы даулары жолға қойылды. Жамбылда жыл басынан бері 108,1 млн теңге жалақы қарызы өндірілген. Бұл - жылдың басынан бері еңбек инспекторлары анықтаған 733 жұмыскерге тиесілі еңбекақы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, еңбек даулары мен наразылықтарға негіз болатын бірден бір себеп — жалақының уақытылы төленбеуі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев айтты.

«Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында облыстағы еңбек қатынастарының ахуалы тұрақты болып, еңбек шиеленістері тіркелген жоқ. Дегенмен, жекелеген кәсіпорындарда жұмыскерлердің тарапынан жалақыны көтеру мәселесіне қатысты әлеуметтік желілер, ұжымдық арыздар арқылы өз талаптарын білдіру фактілері «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және «Қазақтелеком» АҚ-ның облыстық фиалының Талас, Қордай, Тараз бөлімшелерінде орын алған. Бұл мәселелерге қатысты тиісті түсіндірме жұмысы жүргізіліп, жұмыскерлердің талабы ішінара қанағаттандырылды», - деді Қайрат Әскербекұлы.

Биылдан бастап республикалық үшжақты комиссия шешімімен «Еңбек тәуекел картасы» апта сайын мониторингтен өткізіліп, тұрақты бақылауға алынған.

Бұл бағытта облыстың «Ыстық нүкте» картасы әзірленіп, оған еңбек даулары туындау қаупі бар 45 нысан енгізіліп, тұрақты түрде жұмыс жүргізілуде.

«Биыл аймақта еңбек инспекторларымен жеке және заңды тұлғалардың 300 арыз-шағымы қаралған. Ол бойынша 20 тексерулер ашылып, еңбек заңнамасын бұзудың 16 фактісі анықталған. Ал, жалпы соммасы 889,7 мың теңгені құрайтын 7 айыппұл салынса, орындалуы міндетті 9 нұсқама берілген. Бұдан бөлек, тексерістер ашпай, жұмыс беруші мен жұмыскерді табыстыру шаралары арқылы 14 жұмыскердің мәселесі оң шешімін тапты», - деді спикер.

Инспекция тарапынан әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, яғни E-HR жүйесіне еңбек шарттары енгізіліп жатыр.

Бүгінде облыста 10 048 кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, оның бүгінгі күнге 5651-інде 189 178 жұмыскердің еңбек шарты электронды форматқа ауыстырылған.


Соңғы жаңалықтар