Жамбылдық жастарға биыл жеңілдетілген баспана несиесі беріледі
2022 жылғы 13 мамыр 05:17

Жамбылдық жастарға биыл жеңілдетілген баспана несиесі беріледі

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Биыл «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында аймақтағы жастарға жеңілдетілген баспана несиесі беріле бастайды. Алайда оның өзіндік талаптары болады,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы әкімдігінде өткен кеңесте жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа аталған өңірлік бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндады.

Бағдарлама шеңберінде облыста жаңа бастама ретінде Жамбыл облысының жастарына жеңілдікпен несие беру жобасы ағымдағы жылдың шілде айында іске аса бастайды деп жоспарлануда. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларға қолдау көрсету мақсатында дайындалған.

«Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған», - деді С. Берікқожа.

Жалпы облыста тұрғын үй алуға кезекте - 7 140, жер телімін алуға кезекте тұрған 10 787 жас бар.

Аталған жоба аясында жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 13 млн теңгеге дейін. Несие беру уақыты - 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме - 5%, бастапқы жарна - 5%.

Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі ҚР азаматы және негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Басқарма басшысы жобаға кезекте тұрған мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер қатыса алмайтынын, негізінен басқа ипотекалық бағдарламарда қамтылған санаттарға жатпайтын, бірақ төлем қабілеті бар жастарға басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

Облыс әкімі бағдарламаның кей тетіктерін заңдық тұрғыда қайта қараудын маңыздылығын атап өтті.

«Бағдарламаның мақсаты жақсы. Бізге керек жоба. Дегенмен, ертең жастар немесе қатысуға ниеттілердің арасында түсініспестік туындамас үшін, жан-жақты саралап, шешім қабылдауға тиіспіз. Түсіндіру, ақпараттық жұмыстарды барынша жүргізу маңызды»,-деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT