Жамбылдық жас ғалым ойлап тапқан тыңайтқышты диқандар байқап көрмек

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық Дәулет Егембердиев жуырда ғана «Нұр Отан» партиясының «Nurintech» республикалық жастар инновациялық жобалар байқауынан «Жас ғалым» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленген болатын. Ол ойлап тапқан тозыңқы егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қалпына келтіретін биомелиорантты жергілікті диқандар байқап көрмек,деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәулеттің жаңа өнертабысын жер өңдеуге пайдаланам деушілер табылып отыр. Жас ғалым ойлап тапқан тыңайтқыш заттың құрамы кәдімгі жантақ өсімдігі мен көң және фосфогипстен тұрады. Қолданылған шикізаттың қоршаған ортаға еш зияны жоқ. 500 келі биомелиорант дәстүрлі әдіс бойынша қолданылатын 40 тоннаға дейінгі фосфогипс пен қиды алмастыруға қауқарлы.

«Минералды тыңайтқыштар өсімдікке молекула түрінде жүретін болса, биомелиорант ион күйінде жүреді. Бірден 5-10 есе көп өнім алынады. Биомелиоранттың тағы бір тиімділігі - тұзданған жерлерді қайта қалпына келтіріп, құнарын 5 пайызға дейін арттырады», - дейді Дәулет Егембердиев. Оның айтуынша, тың әдіс егін егіп отырған шаруашылықтарға тиімді.

«Серіктестігімізде мың гектарға дейін жеріміз бар. Оны тиімді игеру - басты мақсат. Жеріміздің бірқатар бөлігі тұзданып кеткен еді. Жергілікті ғалымның жаңа өнертабысы бізді қуантып отыр. Бағасы тиімді болса, бұл тыңайтқышты алып көреміз», - дейді «Агростан» ЖШС жетекшісі Мейрамбек Сүттібаев.

Айта кетейік, бүгінде өңірдің 70 пайызын табиғи шөлейт жерлер алып жатыр. Құмға жақын аудандарды шөл басу қаупі де жоқ емес. Жас ғалымның жаңалығын кәдеге асырудың тиімділігі айтпаса да түсінікті.

Соңғы жаңалықтар