Жамбылдық үшеу Қарағандыға 200 кг жуық марихуана әкеп сатпақ болған

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының полиция қызметкерлері есірткінің ірі партиясын жеткізушілердің жолын кесу мақсатында арнайы шара өткізді. Операция барысында 198 кг марихуана және 6 млн теңгеден астам ақша тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысының үш тұрғыны республика өңірлеріне айтарлықтай көлемде есірткі жеткізумен айналысатынын анықтаған.

«12 маусымда «Қарасора-2022» ауқымды республикалық операциясы аясында жедел-тергеу шаралары кезінде есірткі тасымалдау, сақтау және өткізу күдігі бойынша 34, 39 және 56 жастағы үш ер адам ұсталды. Оның барлығы - Жамбыл облысының тұрғындары. Ұсталғандардан 6 млн 435 мың теңге қолма-қол ақша, өсімдік тектес зат салынған сегіз қап тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, ол жалпы салмағы 198 кг кептірілген марихуана болып шықты», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Бауыржан Миссалимов.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ кеше түнде Алматы және Тараз қалаларында осы топтың 3 адамы ұсталды.

Олардан «Range Rover» және «Лексус» автомобильдері, қару тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар