Жамбылдық спортшы паратаеквондо бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Лондонда өткен паратаеквондодан әлем чемпионатында жеңіске жеткен жамбылдық Өмірәлі Нышанды жерлестері салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының хабарлауынша, паратаеквондо бойынша Ұлыбритания астанасында өткен VII әлем чемпионатына әлемнің 57 елінен физикалық мүмкіндіктері шектеулі 270 спортшы қатысқан.  Қазақстанның атынан Тараз, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларынан төрт спортшы қатысқан.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық спорт клубының спортшысы, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ұлттық құрама команданың мүшесі Өмірәлі Нышан +75 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен. К42 тобында Өмірәлі ирандық Нариман Ахмадты 17-15 есебімен жеңген. Ақтық сайыста 23-11 есебімен түркиялық Когбаба Ясар Саминнен басым түскен.

Осылайша, ҚР еңбек сіңірген бапкерлер Алмаз Әбдіқайыров пен Нұржан Есілбаевтың шәкірті Өмірәлі Нышан паратаеквондо бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Спорттық мекеме мағлұматтарына сәйкес, Нышан Өмірәлінің және атыраулық Домбай Нұрланның алтын медальдарінің арқасында Қазақстан Республикасының құрама командасы жалпыкомандалық есепте үшінші орын алған.

Жамбыл облысының 23 жастағы тумасы Өмірәлі Нышан алты жасынан бері спортпен шұғылданады.  2014 жылы мүгедек спортшылар арасындағы паратаеквондодан Еуропаның V ашық чемпионатында +75 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен.

2015 жылы Сочи (Ресей) қаласының Олимпиада паркінде бүкіләлемдік IWAS ойындарында мүгедек спортшылар арасындағы паратаеквондодан Өмірәлі Нышан +75 келі салмақ санатында жеңімпаз атанды.  2016 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен халықаралық «Кристалл» Кубогы турнирінде +75 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен.

Соңғы жаңалықтар