+7 (701) 759 90 19
USD 405.77 EUR 457.91
RUB 5.77 CNY 57.42
Jańalyqtar

Жамбылдық шаруалар қой еті экспортын арттыруға ынталы

2019 жылғы 6 желтоқсан 18:15
Бөлісіңіз:
Жамбылдық шаруалар қой еті экспортын арттыруға ынталы

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында қой шаруашылығы дамып, ет экспорты артуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі қой еті экспортының артуында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының үлесі мол. Атап айтар болсақ, аталмыш қордың облыстағы филиалы «Сыбаға» бағдарламасымен 58 шаруаға 588 миллион 897 мың теңге несие беріп, оған 17 702 бас қой сатып алынған. Бұған қоса «Еңбек» бағдарламасы аясында «Игілік» несие өнімі арқылы да қой сатып алу үшін 316 шаруаға 1 миллиард 62 миллион 455 мың теңге несие берілді. Ал, бұл қаржыға 30 363 бас қой сатып алған шаруалар қорасын малға толтырды. Әлі де қой шаруашылығымен айналысу үшін несиеге өтінім берген азаматтар аз емес.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры несие бағдарламасының игілігін көріп, өз ісін өркендетіп отырғандардың бірі - Жуалы ауданы Күреңбел ауылындағы «Диас» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Мөлдір Байсақалова Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеп, қой шаруашылығымен айналысуға мықтап кіріскен. Ол қордың несие шарттары мен талаптары оңай және жеңілдік мерзімі бар екенін айтады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 6,5 жылға 6 процентпен 10 миллион теңге несие рәсімдеп, оған 260 бас қой мен 9 қошқар және малдың жем-шөбін сатып алдым. Бүгінде екі адамға жұмыс беріп отырмын. Өзім 2008 жылы қаржыгер мамандығы бойынша жоғары білім алғанмын. Бірақ, кеңседе жұмыс істегеннен гөрі шаруашылықпен айналысқанды жөн санап, іске кірісіп кеттім. Негізі, малда береке бар. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, қой шаруашылығы мол табыс табуға болатын сала деп есептеймін. Алдағы уақытта осы малымды көбейтіп, етін экспортқа шағырсам, деген жоспарым бар»,- дейді қожалық басшысы Мөлдір Байсақалова.

Қазіргі уақытта шаруашылық басшысы Мөлдір Байсақалованың қолында ет экспортымен айналысатын «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-мен жасасқан қой етін тапсыру келісімшарты бар екен. Яғни, таяу уақытта «Диас» шаруа қожалығы қой еті экспортына үлес қосады.

Ал, Жамбыл ауданының Ерназар ауылындағы жеке кәсіпкер Ақжол Теңгебаев Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Жамбыл облысындағы филиалынан несие рәсімдеп, қой шаруашылығын дамытуды қолға алған. Қор беретін жеңілдік мерзімі біз сияқты шаруаларға үлкен көмек, дейді шаруашылық басшысы.

«Мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Игілік» бағдарламасы арқылы 6 процентпен 6,5 жылға 4 миллион теңге несие рәсімдеп, оған 110 бас қой мен 4 қошқар және мал азығын сатып алдым. Қазір қысқа дайынбыз. Осы малды қыстан аман-есен алып шығып, көктемде төлдетсем деп отырмын. Ауылда тұрғаннан кейін малмен айналысу керек. Бұрынғыдай емес, қазір мемлекеттік қолдаулар бар, соны пайдалана білу керек. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры беретін несиенің шарттары мен талаптары қиын емес және жеңілдік мерзімі бар. Ол біз сияқты шаруаларға үлкен көмек», - дейді Ақжол Теңгебаев.

Айта кетейік, өңірдегі ет экспортының өсімі ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде. Атап айтсақ, өткен жылы республика бойынша экспортталған қой етінің 43 пайызы, яғни 1,6 мың тоннасы облысқа тиесілі болса, биыл бұл меже бұдан да арта түседі деп күтілуде. Ет экспортының артуына байланысты аймақта арпа егістік алқабы 27 мың гектарға ұлғайған.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қажы Мұрат

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT