Жамбылдық полицейлерге 131 жаңа көлік берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық полиция департаментінің аудандық учаскелік инспекторларына 131 жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық «Достық» алаңында өткен салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров қатысты. Су жаңа қызметтік көліктерге ие болған полиция қызметкерлері өз кезегінде Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант берді.

«Жергілікті атқарушы орган тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтауға бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді және оң нәтижесін беруде. Облыста биыл тіркелген қылмыс саны 9,2 пайызға төмендеді. Дегенмен, жол-көлік оқиғаларының 10 пайызға өсуі бізді алаңдатады. Осы тұрғыда полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау - қылмыстың санын азайтуға септігін тигізеді деп ойлаймыз»,- деді Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде.

Айта кетейік, жергілікті бюджеттен соңғы үш жылда облыстық полиция департаментін қаржыландыруға 19 миллиард теңге қаражат бөлінсе, биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаражат көлемі - 9,2 миллиард теңге. Сондай-ақ, биыл полиция департаментін материалдық-техникалық жабдықтау, оның ішінде автокөлік құралдарын сатып алу үшін 486 миллион тенге қаралған.

«Бүгін пайдалануға берілген 131 автокөліктің 115-і - «Нива», 16-сы - УАЗ. Бұл көліктер арқылы 10 ауданның жетеуінің қажеттілігі толығымен өтелмек. Жоспар бойынша, келер жылы облыс бойынша барлық қажеттілік қамтамасыз етіледі»,-дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев.

Соңғы жаңалықтар