Жамбылдық полицейлер тұрғындарға 2 мың масканы тегін таратты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында тұрғындарға екі мың бетперде таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус эпидемиясы кезінде Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, «Есірткіге жол жоқ!» атты акция өткізді.

Шара Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базары мен «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері азаматтарға медициналық бетперде таратып, есірткінің қауіптілігі туралы айтып қана қоймай, карантиндік мінез-құлық нормаларын жете түсіндірді.

Акцияның басты атрибуттары - символдық логотип пен «Есірткіге жол жоқ!» деген жазуы бар медициналық бетперделер болды. Шара барысында полицейлер 2000 медициналық масканы тегін таратты.

«Биылғы жеті айдағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Жамбыл облысының полицейлері есірткі қылмысының 319 дерегін анықтады, оның ішінде 64 - есірткі сату дерегі, 28 - аса ірі көлемде есірткі сақтау, 3 - есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау, 2 дерек - есірткі құралдарының контрабандасы және біреуі - есірткіні пайдалану үшін притон ұйымдастыру және ұстау дерегі»,- дейді Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ержан Бейсембаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері заңсыз айналымнан екі тоннадан астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 50 келіге жуық гашиш, екі тоннадан астам марихуана, 1 келіден астам героин және 1 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленген.


Соңғы жаңалықтар