Жамбылдық полицейлер 60 жастағы ер адамды аман алып қалды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жаңатас қаласының тұрғындары жамбылдық полицейлерге көршісін құтқарғаны үшін алғыстарын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарысу ауданының полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Абзал Асаубайға Жаңатас қаласының шағын ауданының тұрғындары көмек сұрап жүгінді. Олар 60 жастағы көршісінің бірнеше күн бойы пәтерден шықпағанын және телефонына жауап бермегенін айтып алаңдаған. Мазасызданған көршілер учаскелік полиция инспекторын шақырған.

Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкері Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлерімен есікті бұзып кіреді. Олар пәтердің ішіне кіргенде еденде ес-түссіз жатқан адамды көреді. Учаскелік инспектор жедел жәрдем бригадасының келуін күтпей, ер адамды көрпеге жатқызып, құтқарушылардың көмегімен өз автокөлігімен ауруханаға жеткізу үшін төменге түсірген» делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бес минут ішінде полиция қызметкері зардап шеккен адамды ауруханаға жеткізіп, дәрігерлердің қолына тапсырды. Қазір ер адамның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Алғыс білдірген тұрғындар бейнежазба жолдап, онда Сарысу ауданы полиция бөлімінің барлық жеке құрамына, атап айтқанда, өздерінің учаскелік полиция инспекторына кәсіби атқарған мінсіз жұмысы мен зор адамгершілігі үшін алғыстарын білдірді.


Соңғы жаңалықтар