Жамбылдық фермерлер сайлауды қолдайды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық фермелерлер ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына бір кісідей қатысуға ниетті. Бұл туралы «Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынды «Қазақстан Фермерлер одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев ашып, сайлаудың саяси және экономикалық-әлеуметтік маңызына тоқталды.

«Президент белгілеген сайлауға облыс тұрғындары үлкен жаупкершілікпен қарайды деген сенімдемін. Өйткені Елбасы Н.Назарбаев өзінің отыз жылға жуық басқаруында Қазақстанды әлемге танытты. Сыртқы және іскі саясатты қалыптастырды. Қазақстанды дамушы ел ретінде әлем мойындады. Қазір экономикалық-әлеуметтік салада үлкен іргелеушілік бар. Енді біз ел дамуының жаңа кезеңіне белсене араласып, келесі Президентті дұрыс таңдау үшін сайлауға бір кісідей атсалысуымыз керек»,- деді Жамбыл аудандық фермерлер одағы және «Амангелді» өндірістік кооперативінің төрағасы Қасымхан Қанаев.

Еліміз үшін тарихи әрі маңызды кезеңде халықпен бірлесе отырып ел басшысын таңдау болашағымызға тікелей әсер етеді дейді өңір фермерлері.

Айта кетейік, бүгінде аймақта он жеті мыңға жуық ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлер бар. Олардың дені егін және мал бағыты бойынша кәсіптерін дөңгелетіп отырғандар.

Жиында сөз алған өзге де шаруашылық еңбеккерлері сайлау науқанына тас-түйін дайын екендіктерін айтып, барынша атсалысатындарын жеткізді. Олар еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосатын басшыны таңдау - әркімнің азаматтық құқығы һәм парызы деп санайды.

«Менің ойымша, әлемдегі халықаралық саяси жағдайдың тұрақсыз болып тұрған кезеңінде, елдегі қауіпсіздікке тікелей қатысы бар әлеуметтік-саяси келісімді, тұрақты прогресті қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу үшін президенттік сайлауды өткізу дұрыс шешім. Мемлекет басшысының Президент сайлауын өткізу туралы үндеуі өте өзекті, уақыт талабынан туындаған мәселе деп есептеймін. Облыс шаруалары Президенттің шешімін толықтай қолдайды. Елдегі ең маңызды сайлауды алдын-ала өткізіп алған соң, Қазақстан бар күш-жігерін әлеуметтік-экономикалық саладағы түйінді мәселелерді шешуге жұмсайды деген сенімдемін»,-дейді Меркі аудандық фермерлер одағының және «Совет» шаруа қожалығының жетекшісі Совет Қалманбетов.

Соңғы жаңалықтар