Жамбылдық дәрігерлерге 18 реанимобиль мен 8 «жылжымалы медициналық кешен» берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін салтанатты жағдайда аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлеріне заманауи жабдықтармен жабдықталған жаңа автокөліктердің кілттерін табыстады.

Отандық өндірістерде жабдықталған жылжымалы медициналық диагностикалық кешендер сегіз аудандық аурухананың балансына берілді. Сондай-ақ, облыстық жедел жәрдем станциясының паркі «Hyundai» маркалы 18 реанимобильмен толықты.

«Мемлекет басшысының негізгі саясатының басым бағыттарының бірі – Денсаулық сақтау саласын жаңғырту. Барлық ресурстар қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталуы керек. Медициналық ұйымдар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, төсек қоры мен инфрақұрылымы жаңартылуда. Дәрігерлердің жалақысы көтерілуде. Біздің облыста денсаулық сақтау саласына шамамен 5 миллиард теңге инвестиция салынды. Қазіргі таңда коронавирустың ықтимал екінші толқынына қызу дайындық жүруде. Атап айтсақ, екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптасып, 2530 төсек-орын дайындалды, жабдықтар сатып алынуда. Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетімен бірлесіп кадрларды даярлау бойынша ісі қолға алынып жатыр», - деген Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлеріне жанқиярлық еңбектері үшін алғыс білдіріп.


Ол жаңа технология дәрігерлердің науқастарға жетуін тездетіп, медициналық көмектің сапасын арттыратынына сенім білдірді.

Медициналық жылжымалы кешендер жалпы қабылдау бөлмелері, акушер-гинеколог, сәулелік диагностика, жалпы тәжірибелік дәрігер алаңдары, талдаулар қабылдау орны, дәріхана пункті, сараптамалық кластағы портативті УДЗ, айналасына қауіпсіз рентген және флюорографиямен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус-лифті бар.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бұған дейін облыстың үш ауданы жылжымалы медициналық диагностикалық кешенге ие болғанын атап өтті. Ал, бүгінгі кешендер қалған аудандық ауруханаларға жеткізіледі. Осылайша, барлық он аудан және облыс орталығы жылжымалы кешендермен қамтамасыз етіліп отыр.


«Тағы 48 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Жедел жәрдем мен жылжымалы медициналық кешендер дәрігерлердің шалғайдағы ауылдарға жетуіне көмектеседі»,- деді Әсет Қалиев.

Салтанатты шара барысында 12 жамбылдық денсаулық сақтау қызметкері «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Өз кезегінде медицина қызметкерлері де жан-жақты қолдауларға ризашылықтарын білдірді. Дәрігерлер осындай кешендердің арқасында ауыл тұрғындарына сапалы көмек көрсете алатындықтарын, бұл облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуға ықпал ететіндігін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар