Жамбылдық дәрігерлер Конго-қырым безгегінен көз жұмған бала туралы айтып берді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Биыл алғаш рет бір адам Жамбыл облысында Конго-қырым қанды безгегінен (КҚҚБ) көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, Жамбыл облысы Қазақстандағы осы қауіпті індет тараған өңірдің қатарына кіреді. Жыл сайын күн жылына бастағанда өңірде Конго-қырым қанды безгегіне шалдыққандар тіркеле бастайды. Олардың арасында көз жұмғандары да бар.

Ведомствоның дерегі бойынша, биыл індетке шалдығу күдігімен кене шаққан 557 адам келген. Олардың барлығы қажетті медициналық тексеруден өтті, ешқайсысы КҚҚБ-ға шалдықпаған.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Беркін Жарқынбековтың хабарлауынша, Жамбыл облысындағы Конго-қырым безгегінің 5 табиғи ошағы - Сарысу (11), Мойынқұм (13), Талас (7), Жамбыл (4), Байзақ (8) аудандарының 48 елді мекенінде орналасқан. Олардың қатарына Тараз қаласы да (5) кіреді.

«Жыл сайын бізде осы дерттен адамдар көз жұмады. Биыл 1 оқиға тіркелді. Адамдар дәрігерлерге кеш жүгінеді. Олар уақытылы келгенде, толықтай айығып кетуге кепілдік береміз. Қызметкерлеріміз қауіпті ошақтарды анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 38 181 кене жиналды, олардың 3 330-ы тексерілді. Инфекциясы бар кенелер саны 109, яғни 3,5%. Кенелердің өздері ауырмайды, олар тек ауру таратушы ғана. Қазіргі уақытта КҚҚБ ауруына шалдыққан жағдай облыста тіркелген жоқ. Кене шағып, ауруханаға жеткізілгендердің барлығы 14 күн бойы бақылауға алынады. Қазір олардың 344-ы бақылаудан шығарылды», - деп түсіндірді Беркін Жарқынбеков.

«Жамбыл облысында безгектен көз жұмған 10 жасар қыз Өзбекстан азаматшасы», деп түсіндірді ведомствода. Ол Жамбыл облысына ата-анасымен 6 сәуірде Қырғыз Республикасынан келгенде науқас болған. Оның қызуы көтеріліп, ауырғандықтан анасы үйде емдемек болған. Алайда, отбасының таныс дәрігері қауіпті ауруға шалдықты деп күдіктеніп, жедел-жәрдем шақырған. Ол жансақтау бөлімінде жатып, қайтыс болды. Ауруы асқынғандықтан, қыз бала аман алып қалу мүмкін болмаған.

Соңғы жаңалықтар