Жамбылдық 34 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат -  Биыл солтүстікке көшіру бағдарламасы бойынша жамбылдық 34 отбасы Қазақстанның солтүстік облыстарына қоныс аудараған, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылы Жамбыл облысының Қордай ауданынан Солтүстік Қазақстан облысына 26 отбасы көшкен. Халық тұрғылықты жерлерін ауыстырмас бұрын Қордай ауданынан бір топ делегация Солтүстік Қазақстанға барып қайтқан болатын. Делегация құрамына Қордай ауданының басшылығы, Сортөбе ауылдық округінің әкімі, №50 орта мектеп директоры, Масаншы ауылының қариялары кірген. Олар СҚО басшылығымен кездескен соң орналасуға ұсынылған жерлерді талқылап, облыстың үш ауданын қарастырған. Туған жерге оралған соң тұрғындарға барлығы қайта түсіндірілді, нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысының аудандарына қордайлық 26 отбасы қоныс аударуға ниет білдірді.

«Солтүстік, Шығыс, Қостанай және Павлодар облыстарынан келіп түскен бос жұмыс орындардың тізімі облыстың барлық қалалық және аудандық халықты қызметпен қамту орталықтарына жіберіледі. Тұрғындарға түсіндіру нәтижесінде осы жылдың 1 мамырында облыстан 34 отбасы, яғни 159 адам көшірілді. 27 отбасы Солтүстік Қазақстанға қоныстанса, 5 отбасы Павлодар облысына, 2 отбасы Шығыс Қазақстанға кетті. Барлық отбасыларға үйлер мен жер телімдері берілді», - деді облыстық әкімдікте.

Таразда жақында солтүстік облыстардың (ШҚО, Павлодар және Қостанай) өкілдерінің қатысуымен аймақаралық бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде көшіру мүмкін жерлер мен мамандықтар бойынша бос жұмыс орындар ұсынылды, деп атап өтті Жамбыл облысының әкімдігінде. 

Соңғы жаңалықтар