Жамбылдағы жарылыс: Реанимациядағы 5 адамның екеуінің жағдайы ауыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Тараз қаласының ауруханасына барып, Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккендерді емдеу жағдайымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше оқиғаға байланысты Тараз қаласына ұшып келген министр Алексей Цой жарылыстан зардап шеккендер ем алып жатқан палаталар мен реанимация бөлімшелерін аралап, дәрігерлермен және клиника басшылығымен бірге науқастардың жағдайын талқылады.

«Барлығы 98 азамат медициналық көмекке жүгінді. Олардың 37-сі ауруханаға жатқызылды, қалғандары жарақат пункттерінде тиісті көмек алып, үйлеріне жіберілді. Пациенттердің бәрінің жағдайы тұрақтанып, шок жағдайынан шықты, оларға нақты ем көрсетіліп жатыр», - деді Алексей Цой.

Ведомствоның ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Тараз қаласының стационарларында жатқан 37 зардап шегушінің бесеуі реанимацияда, екеуінің жағдайы ауыр.

«70 науқас амбулаториялық емдеуге ауыстырылды. Жарылыс салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел медициналық көмек және санитарлық авиация бригадасы жұмылдырылды Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ауыр халдегі реанимациядағы пациенттерге медициналық көмек көрсету бойынша телеконсультация өткізді. Бүгін таңертең Алматы қаласынан сондағы №4 және №7 қалалық ауруханалардың реаниматолог, комбустиолог травматолог дәрігерлерінен тұратын медициналық авиацияның мобильді бригадасы ұшып келді», - деп жазады министрліктің сайты.

Сапар соңында Алексей Цой зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдірген.

«Ол облыста науқастарды емдеуге байланысты проблемалық мәселелер жоқ екенін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады», - делінген ресми мәліметте.


Соңғы жаңалықтар