Жамбылдағы зауыт маска шығаруды тәулігіне 20 мыңнан 70 мыңға жеткізді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясы салдарынан сұраныстың күрт өсуіне байланысты туындаған медициналық маска тапшылығын төмендету мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі жергілікті фармацевтикалық зауыттармен өндіріс көлемін ұлғайту туралы келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Бұл бағыттағы кәсіпорын тәулік бойы жұмыс режіміне көшіп, нәтижесінде тәулігіне шығарылатын медициналық маска көлемін 20 мыңнан 70 мың данаға дейін арттырды. Оның ішінде 40 мың маска «СК-Фармация» ЖШС-на, 30 мың маска Жамбыл облысы аумағындағы дәріхана желісіне жеткізіліп жатыр.

Атап айтқанда, күн сайын «Жасұлан» және «Әмір және Д» дәріхана желісінің 10 пунктіне жеткізілуде:

1) Төле би көшесі 16;

2) 4-шағын аудан 29;

3) Абай көшесі 134;

4) 12- шағын аудан 67;

5) Рысқұлов көшесі 32А;

6) 2б телеорталығы;

7) Әйтеке би 5А;

8) Рыспек батыр көшесі 6А;

9) Желтоқсан көшесі 237;

10) 9-шағын аудан 31.

Аталған дәріханалардағы медициналық масканың құны - 50 теңге. Бір адамға 5 данадан артық сатуға шектеу қойылған.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі Тараз қаласы мен аудандарда тігін шеберханасы мен ательеде көп реттік маска шығаратын шағын өндірістер құру мәселесін қарастыруда. Бүгінгі таңда олардың күніне 3 900 дана өнім шығарады.

Сондай-ақ, 18 наурызда аталған дәріхана желілеріне дезинфекция және антисептик құралының 12 түрі, оның ішінде тері антисептгі, дезинфекциялық сабын секілді өзге де құралдар түскен.

Айта кетейік, облыс әкімдігі тұрғындардың медицина бұйымдарына және антисептик құралдарына қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар барысын жалғастыруда. Азаматтарды сабырлық танытып, дүрлікпеуге, жеке гигиена ережесін сақтауға және адамдар жаппай жиналатын орындарға бармауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар