Жамбылдағы полиция департаментінен ұрланған 610 қарудың 206-сы ғана табылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысындағы полиция департаментінен ұрланған 610 қарудың 206-сы ғана табылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Бас прокуратурасының 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай дерек келтірді.

«Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарының Ұлттық қауіпсіздік комитеті және полиция департаменттерін, Алматы әуежайының ғимаратын тастап кету фактілері бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз. Бұл органдардың басшылары күдікті ретінде танылды. Бұған дейін хабарланғандай, Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары ұсталды. Ол қызметтік қаруды сақтауға жауапты болды және қару арсеналының бір бөлігінің тоналуына жол берді», - деді Бас прокуратура өкілі.

Айтуынша, осының салдарынан қылмыскерлердің қолына 610 қару түскен.

«Соның ішінде автоматтар, тапаншалар, гранатаметтер болды. Қазіргі уақытта 206 қару ғана табылды. Қалғандары қылмыскерлердің қолында», - деді Елдос Қилымжанов.

Шара барысында ол арнайы прокурорлардың жаппай тәртіпсіздіктерге 12 ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысқанын анықтағанын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар