Жамбылда жылыту маусымы басталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысының барлық аудандары мен қалаларында жылыту маусымы 15-20 қазан аралығында басталып, жылу берілді. Дегенмен Тараз қаласындағы бірқатар тұрғын үйлерге жылу 25 қазанға дейін толығымен берілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Аймақ басшысына облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров жылыту маусымының басталуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік нысандар толығымен жылытуға қосылып, аяқталуға жақын. Ал, облыс бойынша барлығы 1593 көпқабатты тұрғын үй болса, бүгінде оның 1364-і жылытуға қосылып үлгерген. Бұл ретте аудандар жоспарды 100 пайыз орындап отыр. Дегенмен, Тараз қаласындағы бірқатар үйлерде кешігулер жоқ емес.

«Облыс орталығында барлығы 1298 көпқабатты тұрғын үй бар десек, қазіргі таңда 1069 тұрғын үй жылумен қамтылған. Қалған 130 үй 22 қазан күні кешке дейін, 99 үй 25 қазанға дейін қосылып бітеді деп жоспарлануда. Бұл ретте басқарма басшысы оның себебін қаладағы магистралдық құбырлардың қайта жаңғырту жұмыстарынын бекітілген кестеден кешігуінен деп түсіндірді. Осы орайда «М-2» жобасы бойынша үлкен диаметрлі құбырлар Қарағанды қаласынан уақытылы жеткізілмегендіктен, аталған материалды Ресейден алдыруға мәжбүр болды»,- дейді басқарма басшысы Нұрлан Алдамжаров.

Бүгінде аталған жобаның құрылыс жұмыстары үш ауысымда жүргізілуде. Ондағы жұмыстардың бекітілген кестеден ауытқуына байланысты тиісті заңнама аясында қатысты мекемелерге шара қабылданып, мердігер «Корпорация Жилстрой-Тараз» ЖШС-не 5 миллион теңгеден астам айыппұл қаралған.

Сондай-ақ, жиында көппәтерлі тұрғын үйлерге жалпы есептегіш құралдарын орнату және ыстық су температурасын сақталу мәселелері де қозғалды. Асқар Исабекұлы аталған құралдарды орнатарда тұрғындар үшін барлық тиімділіктерге көңіл бөліп, бағасын барынша оңтайландырудың жолдарын қарастыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар