Жамбылда жылына 116 мың тонна қант өндіретін зауыт салу жоспарлануда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы, Шу ауданында «ХОЗУ Агро Систем» ЖШС-і «Қант қызылшасы мен қант құрағын өңдеу, қант және лимон қышқылын шығару» зауытын іске қосуды жоспарлауда.

Ол үшін тиісті жер бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құны 80 миллиард теңге болатын заманауи зауытқа қажетті қаражаттың 30 пайызын инвестор, 70 пайызын екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарынан тарту көзделген. Құны 80 млрд. теңгені құрайтын жоба жүзеге асырылса, күніне 8000 тонна қант қылшасы қабылданып, жылына 116 000 тонна қант өнімін өндіреді деп жоспарлануда. Жоба іске қосылғанда 300 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

«Қазіргі таңда Шу ауданында қант зауытын салыну мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, тәтті түбір егілетін егін алқаптарын да ұлғайтып, 10-15 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда»- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкенов.

Айта кетейік, биыл өңірде 9 жарым мың гектар алқапқа балтамыр егу жоспарланған. Қажетті техникаларды алу үшін республикалық бюджеттен 25, облыстық бюджеттен 10 процент субсидия беріледі.

Соңғы жаңалықтар