Жамбылда жыл басынан бері 700-ге жуық өрт оқиғасы тіркелген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жыл сайын облыс бойынша орташа есеппен алғанда 700-ден астам өрт оқиғасы тіркеледі. Айталық, өткен жылы 691 өрт орын алса, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмен. Ал ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында 671 өрт орын алып, оның шығыны 88 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде жалпы жыл сайын өрттен келген залал 100 миллион теңгеден асады. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Мақсат Қосыбаев баяндады. Ол өрттердің басым бөлігі тұрғындардың отты дұрыс пайдаланбауынан туындайтындығын атап өтті. Бұл себептегі көрсеткіш жалпы деректің 31 пайызын құраса, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзудан 30 пайыз, балалардың отпен ойнауынан - 16, қасақана өртеу 10 пайызды құраған. Ал қалғандары пешпен жылытуды орнату және пайдалану немесе тұрмыстық газ құрылғыларын, электр құралдарын және жылу шығаратын қондырғыларды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың салдарынан орын алып отыр.

«Өртенулердің 60 пайызынан астамы тұрғын үй секторына және 20 пайыздан астамы автокөлік құралдарына тиесілі. 2018 жылы облыс аумағында 22 адамның улы газбен улану оқиғалары орын алып, оның салдарынан 35 адам зардап шегіп, 9 адам қаза тапқан. Ал, ағымдағы жыл басынан бері 8 адам улы газбен уланып, оның салдарынан 13 адам зардап шекті, оның ішінде 5 бала, 3 адам мерт болды», -дейді Мақсат Қосыбаев.

Облыс аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылыту маусымы алдында облыстың ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда.

«Облыстың тұрғын үй секторында 148 мыңнан астам адамды қамтитын 99 мыңнан астам тұрғын үйді аралап түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының өкілдерімен бірлесіп, 30 мыңнан астам адамды қамтитын 616 жиын өткізілді, бұл ретте тұрмыста, газ және электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы жадынамалар таратылды. Табиғи газбен уланудың алдын алу мақсатында тұрғын үйлерде 1714 табиғи газ датчигі орнатылды»,- дейді аталмыш департамент басшысының орынбасары.

Айта кетейік, тұрғын үй секторындағы алдын алу жұмыстары жылыту кезеңінің соңына дейін жалғасатын болады.

Соңғы жаңалықтар