Жамбылда жыл басынан бері 2,5 тонна есірткі тәркіленген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жыл басынан бері «Көкнар-2019» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында заңсыз айналымнан 2,5 тонна әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы биыл өңірде есірткіге қатысты 666 дерек тіркелген. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысы Қанат Белгібаевтың айтуынша, тәркіленген 2,5 тонна есірткінің 6 келіден астамы героин, 141 келіден астамы гашиш болған. Сондай-ақ, қалғаны түрлі деңгейдегі есірткі заттары. Қылмыстық іс біткен соң есірткі толығымен жойылады.

«Біздің басқарманың қызметкерлері белсенді жүргізген шаралар нәтижесін беруде. Оның бір дәлелі ретінде айта кетейін, жуырда Шу ауданындағы Жаңажол ауылының 40 жастағы тұрғынынан 56 келіден астам кептірілген марихуана тәркіледік. Есірткі өткізуші ашронды (есірткі сақтау орнын) қазу кезінде жалпы салмағы 56 келі 800 грамм болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты бар төрт қап табылды», - дейді Қанат Белгібаев.

Бүгінгі таңда облыс аумағында «Көкнар-2019» жедел-алдын алу іс-шарасы бойынша жұмыстар жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар