Жамбылда жыл басынан бері 124 медицина қызметкері КВИ жұқтырған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте денсаулық сақтау саласындағы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда сала үш міндет пен тоғыз бағытты қамтитын 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама бойынша алға жылжуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, белгіленген 20 индикатордың үшеуіне қол жеткізілмеген.

1000 тұрғынға шаққанда бала туу көрсеткіші 10,7-ден 11,8-ге дейін өскен. Рак, оның ішінде қатерлі ісіктер, артериялық гипертония, миокард инфарктісі, тыныс алу жолдарының ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеген.

Облыс аумағында төрт озық медициналық технологиялар орталығын құру жоспарлануда. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2023 жылға дейін әрбір елді мекен денсаулық сақтау мекемесімен қамтылуы тиіс. Сондықтан жақын арада 60 ауылда осындай нысан салынып, 32 нысан күрделі жөндеуден өткізілмек.

Жамбылдықтар ем алу үшін әлі де басқа аймақтарға барып жатады. Айталық, жыл басынан бері 1932 адам облыстан тыс жерлерде емделуге шешім қабылдаған. Олар негізінен онкологиялық және хирургиялық араласуды қажет ететін урологиялық патологиясы бар науқастар мен тағы басқалар. Мамандар тапшылығы және жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері шешілген жағдайда, бұл ағынды кем дегенде екі есеге азайтуға мүмкіндік болар еді.

Екі орталық аудандық ауруханада компьютерлік томографтар орнатылса, биыл мұндай құрылғылар тағы үш ОАА-ға қойылмақ. Ағымдағы жылдың соңына дейін жергілікті мекемелердің «Фармация» СК алдындағы қарыз мәселесі шешілетін болады. Кадр мәселесін жою үшін С.Д.Асфендияров атындағы медициналық университетімен бірлескен үш жылдық бағдарлама әзірленген.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шынәлиев хабарлағандай, 1 қаңтар мен 28 сәуір аралығында КВИ дертін 124 медицина қызметкері жұқтырған. Медицина қызметкерлерінің арасында аурулардың ең көп дерегі Тараз қаласында – 71, Жуалы – 11, Байзақ – 10 науқас тіркелген.

Медициналық қызметкерлер арасында КВИ жағдайларының тіркелуі бойынша 12 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 393,7 мың теңге сомасына тоғыз айыппұл салынып, жеті ұйғарым берілді.

«Дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін медициналық университетпен тығыз байланыста жұмыс істеу, ЖОО-ның жергілікті филиалының қызметін дамыту қажет. «Фармация» СК алдындағы берешек мәселесін шешу керек. Облыстың барлық тұрғындары медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылуы тиіс. Медициналық ұйымдардың басшылары ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға назар аударуы маңызды, өйткені шағымдар саны артып отыр. Халықты вакцинациялау белгіленген мерзімде жүргізілуі керек. Телемедицинаны дамыту – уақыт талабы, Оңтүстік Корея, Израиль және басқа да денсаулық сақтау саласы дамыған елдермен ынтымақтастық орнату қажет», - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.


Соңғы жаңалықтар