Жамбылда жыл басынан 13 адам газдан уланып, 3 адам қаза тапқан

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Жамбыл облысында 13 адам газдан уланып, оның үшеуі қаза тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Уланғандардың басым көпшілігі Тараз қаласының тұрғындары. Оқыс оқиғалардың негізгі себебі – қарапайым ережелерді сақтамау.

Жылыту маусымының жақындауына орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары елді мекендерді аралап, өрттен және газдан болатын қауіптің алдын алу мақсатында, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олар өртпен күрес, маусым алдындағы дайындық жұмыстары, балаларды қараусыз қалдырмау сынды ескертпелер жазылған қағаздар таратуда.

Жыл сайын өткізілетін бұл іс-шара биыл «Құмшағал» алабынан бастау алды. Және ол бір айға жалғасып, Жамбыл облысының барлық елді мекенін қамтиды.

«Жамбыл облысы бойынша ағымдағы жылдың 8 айында 467 өрт фактісі тіркелген. Ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артық. Салдарынан 3 адам қаза болып, қалғанын түрлі дәрежеде күйік шалған. Өрттің басым көпшілігі тұрғын – үй секторы мен автокөлік құралдарында болған. Сондықтан, халықты барынша сақ болуға шақырамыз»,- дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласын бақылау басқармасының бас маманы Арман Смайылов.

Соңғы жаңалықтар