Жамбылда жүргізушілерге арналған «Шок терапиясы» акциясы жүруде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында республика бойынша алғаш рет «Шок терапиясы» акциясы бастау алды. Бұл шараның ұйымдастырылуына облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев мұрындық болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш департаменттің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл акция өңірдегі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Шара барысында апатқа ұшырап, қирандыға айналған автокөлік қалдықтары жолдағы жүргіншілерге сабақ ретінде ұсынылмақ.

«Облыс жолдарында жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда өскенін көрсетеді. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі »Батыс Еуропа - Батыс Қытай«халықаралық автомагистралінде орын алуда. Осыны ескерген ДП бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиевтің бастамасы бойынша республикада алғаш рет »шок терапиясы«атты акция бастадық. 20 тамыздан бастап »Батыс Еуропа - Батыс Қытай« тас жолы бойында жол-көлік оқиғасына ұшыраған автокөлік тиелген қызметтік эвакуатор жүруде. Бұл мысалдарды көріп, жүргізушілер дереу ойланып, бұл жағдай әркімнің басына түсуі мүмкін екенін түсінеді. Жылдамдықтарын азайтып, жол ережелеріне мұқият болуға тырысады»,- дейді ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Акцияның алғашқы күні көлік қалдығы тиелген эвакуатор «Батыс Еуропа - Батыс Қытай»халықаралық автомагистралі арқылы Шымкентке қарай жүріп отырса, екінші күні ол Т.Рысқұлов ауданына қарай бағыт алған. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық магистралінің жүргізушілеріне арналған шок терапиясы жалғасуда.

Айта кетейік, Жамбыл облысында ағымдағы жылдың 7 айының ішінде 687 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оқыс оқиғадан 90 адам қаза тауып, 4000-ға жуығы әртүрлі дене жарақатын алған. Мамандар аталмыш автодәлізде жүргізушілердің қалғып кетуін және жылдамдықты асыра пайдалануын жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі ретінде бағалауда.

Соңғы жаңалықтар