Жамбылда жолдарға жауапты 190 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл полицейлері автокөлік жолдарын қанағаттанарлықсыз ұстағаны үшін 190 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін Жамбыл облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекциясының қызметкерлері мүдделі қызметтермен бірлесіп автомобиль жолдарына кешенді күзгі тексеру жүргізеді.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысы ПД қызметкерлері 7-20 қазан аралығында Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы», «ҚазАвтоЖол» компаниясының және «Қазақавтожолдың» облыстық филиалының өкілдерімен бірлесіп, облыс аумағын қамтитын облыстық (1 941,93 шақырым) және республикалық (1 196 шақырым) маңызы бар автомобиль жолдарын кешенді тексерістен өткізді.

«Тексеру барысында облыстық маңызы бар жолдарда 639 кемшілік, республикалық маңызы бар жолдарда 762 кемшілік - жол белгілерінің болмауы және стандарт талаптарына сәйкес келмеуі, асфальтбетон жабынының бұзылуы, шұңқырлар анықталды. Күзгі кешенді тексеріс қорытындысы бойынша, Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына анықталған кемшіліктерді жою бойынша 37 жазбаша нұсқама, ал «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалына 12 нұсқама берілді», - деді Жамбыл облысы ПД ӘПБ бастығы Жайдарбек Құттыбаев.

Облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстамағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін аталған жолдарға жауапты мердігер ұйымдардың 12 лауазымды тұлғасы ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биылғы жылдың тоғыз айында жалпы облыс бойынша жолдарды қанағаттанарлықсыз ұстағаны үшін 190 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.


Соңғы жаңалықтар