Жамбылда жержаңғақ өсірілуде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық шаруалар экзотикалық өсімдік – жержаңғақ өсіруді қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі шаруалар бұршақ тұқымдасына жататын майлы дақылды өсіру ісіне шындап кіріскен. Солардың бірі Талас ауданындағы «Бекен» шаруа қожалығы.

Мал шаруашылығы және егіншілікпен қатар айналысып отырған шаруа қожалығы қызылша, картоп, сәбіз, пиязбен қатар жержаңғақ өсіруді қолға алды. Биыл алғаш рет сынама ретінде екі гектар аумаққа жержаңғақ өсіруді бастаған қожалық иесі Нұржаппар Исахметов бұл дақыл көлемін келер жылдан бастап кеңейтуге ниеттеніп отыр. Ол тұқымды Өзбекстан және Қытай елдерінен әкелген.

«Оңтүстік Америкада кең танымал өсімдік Қазақстанға XVIII ғасырдың соңында жеткізілген. Дегенмен оны егу елімізде енді ғана жолға қойылуда. Дақыл аса бір күтімді қажет етпейді. Ең бастысы жер ылғалды, күн райы жылы болса болды. Ал, сабағы мен жапырағы малға таптырмас азық. Тиімділігі сол, бұл да басқа бұршақ тұқымдастары сияқты жерді құнарландырады. Біле білген адамға жержаңғақтан пайда көл-көсір. Сұраныс жоғары. Төккен тер еш кетпейді», – дейді Н.Исахметов.

Қазіргі уақытта егістік алқапта жержаңғақ жапырақ жайып, жайқалып өсіп тұр. Ол 120 күнде пісіп-жетіледі. Сәуір айында еккен жержаңғақты шаруалар жиырма күннен соң жинаймыз деп отыр. Өнім нарықта үлкен сұранысқа ие болғандықтан, өндірістік кооператив жетекшісі жержаңғақтың жерде қалмайтынына нық сенімді.

Жуырда ғана ауданға жұмыс сапарымен арнайы келген облыс басшысы Асқар Мырзахметов аталған құрылымның жұмысымен танысып, жержаңғақ өсірудің шығыны мен табысын зерделеп, оны өңір аумағында кең көлемде қолға алу керектігін баса айтқан болатын.

Айта кету керек, облыстағы өзге де «Самғау», «Анар-1» шаруа қожалықтары жержаңғақ өсірумен айналысуда.

Соңғы жаңалықтар