Жамбылда жемқорлықты жүгендейтін тың жоба қолға алынды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Адалдық алаңы» жобасы аясында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер электрондық жүйеге көшіріліп жатыр. Бұл бағытта өңірде «Диджитал Агент» жобасы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тың бастама тұрғындарға көрсетілетін қызметтерді оңтайландырып, сапасы мен қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған.

«Заң жүзінде әрбір шағымның қаралу мерзімі 15 күнге дейін баратын болса, осы «Диджитал Агент» арқылы біз әрбір шағымды бір күннің ішінде қарастырамыз. Бұл жерде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюмен қатар, қоғамның өмір сапасын көтеруге бағытталған іс-шаралар атқарылады», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев.

Сондай-ақ ол жаңа жоба арқылы әрбір азамат өзіне көрсетілген қызметке баға беріп, қанағаттанбаған жағдайда шағым түсіріп, дер кезінде жауап алуға мүмкіндік туып отырғанын айтады.

Айта кету керек, өткен жылы аймақта мобильді қосымша арқылы тұрғындардан 200-ге жуық шағым түсіп, тиісті жауап берілген. Мамандардың айтуынша, облыста көбіне Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты шағым жиі түседі.

Соңғы жаңалықтар