Жамбылда жаңа жыл мерекесі қарсаңында 800-ге жуық нысан қатаң бақылауда болмақ

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жаңа жылдық мәдени іс шаралар өтетін 793 нысан есепке алынып, олар бойынша қатаң бақылау жүргізіледі,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келе жатқан жаңа жыл мерекесін қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету – Жамбыл облыстық ТЖД мамандарының айрықша назарында. Мереке кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды қамтамасыз ету және сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды қолдануға жол бермеу туралы аталған департамент бастығы Ермек Момбаев айтып берді.

«Пиротехникалық бұйымдарды бақылаусыз тарату және оларды қолдану кезінде тиісті өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамаудың салдары көптеген өрттердің шығуына, жарақат алу мен адамдардың қаза болуына, оның ішінде балалардың және жасөспірімдердің зардап шегуіне әкеп соғады. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жаңа жылдық мәдени іс шаралар өтетін объектілердің тізімі қалыптастырылды. Барлығы 793 объекті есепке алынды. Осыған орай, аталған объектілерді қатаң бақылауға алу және күнделікті олардың өрт қауіпсіздігі жағдайына мониторинг жасау және объектілерді өртке қауіпсіз жағдайға келтіру жөнінде Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімдеріне тиісті тапсырмалар берілді»,-деді Е.Момбаев.

Есепке алынған, нысандардың ішінде 657 білім беру ұйымы, 32 денсаулық сақтау объектісі, 27 мәдениет үйі мен сарайы, 5 спорт кешені, 56 сауықтыру орталығы, 2 қарттар үйі, 3 мүмкіндігі шектелген тұлғаларға арналған интернат, 1 сәбилер үйі және корпоративті кештер өтетін басқа да адамдар жаппай жиналатын 7 тойханалар бар.

Жамбыл облыстық полиция және төтенше жағдайлар департаментінің жаңа жыл және мереке күндері азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды қолдану мен сақтауы жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары жобасы әзірленген. Аталған жоспарға сәйкес полиция қызметкерлерімен бірлесіп күнделікті базарларда, дүкендерде және басқа да сауда орындарында сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді сатуға тыйым салу іс-шаралары бойынша рейдтер жүргізілмек.

«Мерекелеу кезінде тәуліктік кезекшілік жүргізетін жедел топтар қалыптастырылды, ал мереке өтетін орындарда инженерлі-инспекторлық құрамның және өрт есебінің кезекшілігі жүргізілуде. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің барлық жеке құрамы күшейтілген қызмет атқаруға ауыстырылатын болады»,-дейді облыстық ТЖД бастығы.

Соңғы жаңалықтар