Жамбылда заңсыз балық аулаудың 200 дерегі анықталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында «Уылдырық» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 200 бұзушылық дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында «Уылдырық» жедел-алдын алу шарасы өтті.

Бір жарым айға созылған іс-шаралар су биоресурстары мен су объектілерін қорғау және сақтау бұзушылықтарын анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашуға бағытталды.

«Жедел алдын алу іс-шарасы барысында 5 қылмыс және 200 заңсыз балық аулау құқық бұзушылығы анықталды. 200 тұлғаға қатысты жалпы сомасы 1 954 390 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, оның 977 195 теңгесі өндірілді», - деп хабарлады Жамбыл облысының полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев.

Құқық бұзушылықтардың ішінде жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзудың 2 дерегі, жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, алып жүру, тасымалдаудың 7 дерегі, жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзудың 46 дерегі, балық өсіру және балық шаруашылығы объектілерін қорғау қағидаларын бұзудың 13 дерегі және балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзудың 134 дерегі орын алған.

«Уылдырық» жедел-алдын алу шарасы кезінде полицейлер құқық бұзушылардан 56 келіден астам балық, 550 метр синтетикалық монофиламент торлары, тыйым салынған 12 зат (қолдан жасалған балық ұстайтын құралдар) және бір резеңке қайық тәркіледі.

Соңғы жаңалықтар