Жамбылда үш тілді меңгергендердің үлесі 24 пайыздан асты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 98,3 пайыз, орыс тілін меңгергендердің үлесі 92,3 пайыз, ал ағылшын тілін меңгергендердің үлесі 25,1 пайызға жеткен. Сондай-ақ үш тілді, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгергендердің үлесі 24,1 пайызды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл көрсеткіштер өткен жылы өңір тұрғындарының тілдік ахуалына жүргізілген әлеуметтанымдық-лингвистикалық зерттеудің нәтижесіне сәйкес нақтыланған. Осы орай айта кету керек, былтыр облыстық тілдерді оқыту орталығында 3577 тыңдаушы оқыса, оның 1333-і қазақ, 1650-і ағылшын, 594-і орыс тілдерін меңгерген. Аймақтағы мемлекеттік мекемелердің шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлесі - 99 пайызды құраған.

Жалпы, ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында өткен жылы облыстық бюджеттен 64,1 млн теңге бөлініп, 7 әлеуметтік жоба аясында 200-ге жуық іс-шаралар өткізілген.

«Тілдерді оқыту орталығында латын негізді қазақ әліпбиіне көшу жөнінде облыс тұрғындарына әдістемелік көмектер көрсететін «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинеті ашылды. Республикада алғашқылардың бірі болып облыста латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жаңа заман талабына сай интернет-технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып оқып, жазуға үйрету мақсатында интернеттің кез келген браузерлері мен смарт телефондары арқылы кіруге болатын, азаматтар үшін қолжетімді, тегін әрі уақыты шектеусіз Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы әзірленді» - дейді облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова.

Айта кету керек, өңірлік сала мамандарының ұлттық онамастиканы дамытудағы іс-шараларының арқасында былтыр аймақтағы нысандар мен әкімшілік-аумақтық бірліктерге, оның құрамдас бөліктеріне 524 атау берілген. Сондай-ақ, көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесі 86,4 пайызға жеткен.

Соңғы жаңалықтар