Жамбылда ұрланған жылқылар иелеріне қайтарылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер мал ұрыларын қолға түсіріп, ұрланған малдарды иелеріне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23 шілдеде Байзақ аудандық полиция бөліміне мал ұрлығы туралы хабарлама түскен. Өз арызында Кеңес ауылының 44 жастағы тұрғыны жылқысын ұрлап кеткенін жеткізген. Нәтижесінде оған 300 мың теңге көлемінде шығын келген. Ұрылар көп ұзамай қолға түсті. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мәлімеді.

«Жедел іздестіру барысында Байзақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ізін суытпай Тараз қаласының 37 және 32 жастағы екі тұрғынын құрықтады. Күдіктілер өз кінәсін мойындап, Жуалы ауданының тұрғынына жылқы сатқанын айтты. Ұрланған жылқы иесіне қайтарылды. Осыған ұқсас жағдай Құмжота ауылында да орын алып, Талас өзенінің маңында ат ұрланғаны хабарланған болатын. Бұл бойынша осы ауылдың 33 және 32 жастағы тұрғындары құрықталып, жылқы иесіне қайтарылды»,- делінген ведомство хабарламасында.

Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Соңғы жаңалықтар