Жамбылда түрмеде жазасын өтеушілер 17 мыңнан аса бетперде тіккен

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесінде қауіпті індетке қарсы жұмыстар күшейтіліп, бетперде тігу ісін айрықша қолға алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған түзеу мекемесінде короновирустың алдын алуға бағытталған негізгі шаралар қабылданып, инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қолға алынды. Нысан толықтай оқшаулану режиміне көшкен. Мекемеде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау және алдын-алу шараларын күшейту бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.

Түзеу мекемесі бүгінде медициналық маска тігуге қызу кіріскен. 19 наурыздан бастап түзеу мекемесіндегі тігін цехының жұмысы ерекше күн тәртібіне ауысты. Осыған байланысты «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі цехта 27 жазасын өтеуші түрлі жұмысқа жұмылдырылған.

«Жазасын өтеушілер пішу, тігу, дайын өнімдерді сұрыптау ісімен айналысады. Олардың қатарындағы 17 тігіншінің әрқайсысы 8 сағат жұмыс күнінде 110 маска тігуге тиісті. Жігіттер күніне 1700-ден 2000-ға дейін бетперде дайындайды. Өнімнің сапасы жоғары, 100 пайыз табиғи өнім яғни, мақтадан тігіледі. Аллергиялық қарсы көрсеткіші жоқ»,-дейді цех шебері Рауан Жүнісовтың.

Мұнда санитарлық талаптарға аса мән беріліп, жұмысшылар арнайы киімдермен жабдықталған. Медицина бөлімінің бастығы, әділет майоры Бегжан Асанов жұмыс барысын қадағалап, өндірістің басы қасында жүр. «Сындарлы сәтте халық, ел игілігі үшін «теңізге құйған тамшыдай» болсын қол ұшын созғанына жазасын өтеушілер дән риза. Сондықтан өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, бар күш-жігерін жұмсауда. Бүгінгі күнге дейін 17 мыңнан астам бетперде тігіліп, әзірленді. Мұнымен тоқтап қалмақ емес. Тапшылық туындамас үшін жаппай карантин аяқталғанша бетперде тігу жалғаса бермек», -дейді Б.Асанов.

Айта кетейік, ЖД-158/7 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Алмасбек Азизбековтың шешімімен 27 азаматқа мадақтау жарияланды. Сонымен қатар «Еңбек-Тараз» кәсіпорны еселі еңбек еткен жандарға жалақыға қосымша сыйақы тағайындады.


Соңғы жаңалықтар