Жамбылда Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарына Ұлттық құрама сапында Жамбыл облысынан 13 спортшы қатысқан болатын. Олар ел қоржынын 11 медальмен толықтырды. Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов жүлдегерлермен кездесіп, пәтер сертификаттарын табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еркін күрестен 2-орын иеленген Ғабит Есжанов пен Ғасыр Тұрғынбайға, және дзюдодан 2-орынды жеңіп алған Анна Крамороваға 2 бөлмелі пәтердің сертификаты берілді. Ал, таэквондодан 3-орын иеленген Олжас Рысжановқа, грек-рим күресінен 3-орын алған Асан Нұржанға, дзюдодан 3-орын алған Фериде Кара оглыға 1 бөлмелі пәтердің сертификаты тапсырылды.

Сондай-ақ, дзюдо, грек-рим, еркін күрестерінен және жеңіл атлетика мен жүзуден түрлі орындардан көрінген спортшылар Айдос Түгелбаев, Эвелина Егембердиева, Абзал Досжанов, Шыңғысхан Әлдибаев, Яна Сибирякова, Руслан Раимбеков, Софья Закутнаяға естелік сыйлықтар берілді.

Сонымен қатар, жаттықтырушылар Ерназар Қонысбаев (еркін күрестен), Александр Ан (таэквондо), Ринат Исмаилов (грек-рим күресі), Аскар Усубалиевке (жүзу) және спортшыларға Алғыс хаттар мен арнайы сертификаттар табысталды.

Аймақ басшысы ел намысын лайықты қорғап, нәтижелі өнер көрсеткен спортшыларды құттықтап, ризашылығын жеткізді. Жаттықтырушыларының да зор үлесін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, облыстың спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен оң көрсеткіштерге, бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауқымды қолдаулар көрсетіліп жатқанына назар аударды.

Өз кезегінде жаттықтырушылар мен спортшылар ықылас білдірген облыс басшылығына ризашылықтарын айтып, арнайы жатақхана, спорт кешенін салу бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетсек, XХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан Ұлттық құрамасының 65 ойыншысы спорттың 9 түрінен ел намысын қорғады. Жалпы медальдік есепте 73 елдің арасында Ұлттық құрама 13-орынға тұрақтады.
Соңғы жаңалықтар