Жамбылда сегіз айда 2 тоннадан астам есірткі тәркіленген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында ағымдағы жылдың сегіз айында Жамбыл облысында қылмыс саны 12 пайызға азайды.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев халықпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция департаментінің бастығы биыл екінші рет халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Тараз қалалық Мәдениет үйінде тұрғындармен ашық диалог барысында Арман Оразалиев облыстық ішкі істер органдарының ағымдағы жылдың сегіз айындағы қызметінің қорытындысы туралы және алдағы жоспарына қысқаша тоқталды. Ол өз сөзінде құқық қорғау органдары ашықтық пен жариялылық қағидаттарын енгізу, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою, халықпен тығыз байланыс орнату бойынша мақсатқа бағытталған жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

«Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында жалпы қылмыстар саны 12 пайызға төмендеді. Оның ішінде кісі өлтіру, тонау, қарақшылық шабуыл, алаяқтық, бұзақылық, ұрлық, соның ішінде мал ұрлығы және ұялы телефон мен пәтер ұрлығы азайды. Облыс орталығында жаяу патрульдер саны артып, бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде, қылмыс көп жасалатын аудандарда тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Алдын алу шараларының нәтижесінде қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыстар саны айтарлықтай қысқарды»,-деді А.Оразалиев.

Өңірдің бас полицейі заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде енді ұрыларды бірнеше рет жасалған құқық бұзушылықтар қағидаты бойынша қылмыстық жауапқа тартуға болатынын айтып, Тараздың орталық зиратындағы вандализм мәселесін тілге тиек етті.

«Барлық өтініштер бойынша қылмыстық істер қозғалып, «бірнеше рет» жасалыну белгісін қолдана отырып, ұсталған тұлғаларды жауапқа тарту бойынша шаралар қолданамыз. Алдағы уақытта осындай деректерді болдырмау үшін зират аумағын патрульдеу бағыты, сондай-ақ металл қабылдау бекеттерін тексеру жұмыстары қарастырылған», - деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, өңірде есірткі қылмысына қарсы күрес те нәтижесіз емес. Айталық, есепті кезеңде заңсыз айналымнан екі тоннадан астам түрлі есірткі, алты келіден астам героин және 115 келіден астам гашиш есірткісі тәркіленген. Сондай-ақ, синтетикалық есірткінің таралуына байланысты жарнама жасаған 19 сайт анықталды.

Департаменттің қолға алуымен өңірдегі «Жолдағы қабылдау», «Ауладағы қабылдау» акциялары шеңберінде азаматтармен, мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесулер, фронт-кеңселердегі жеке қабылдаулар жалғаспақ.

«Кез келген, тіпті қоғамдық тәртіп пен тазалықтың ең ұсақ бұзушылық деректеріне қатысты жаза қарастырылуы керек, себебі тек осылай, нөлдік төзімділік әдісімен біз өз өмірімізді жақсарта аламыз»,-деді А.Оразалиев.


Соңғы жаңалықтар