Жамбылда Президент тапсырмаларының орындалу барысы қаралды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық жедел штабтың кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің ағымдағы жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан халқына Үндеуінде айтылған міндеттерді жүзеге асыру туралы мәселе қаралды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда облыста коронавирустың 106 жағдайы тіркелген, 43-і емделіп шықты. Негізгі міндет – науқастардың санын көбейтіп алмас үшін қатаң бақылауды ұстап тұру.

- Жұмысын бастайтын шағын және орта кәсіпорындардың тізімін жасау керек. Оларға жұмысын қайта бастау үшін рұқсат тек қауіпсіздік техникасы мен санитарлық талаптарды сақтай алатындығын дәлелдей алғанда ғана беріледі. Олардың сақталуын бақылау аудан әкімдеріне жүктеледі, - деді аймақ басшысы.

Күніне кемінде екі рет дезинфекциялау және қорғаныс костюмдері мен бетперделерінің болуы басты назарға алынбақ.

Ұсынылған шағын және орта кәсіпорындар тізімнен шаштараздар мен сұлулық салондарын алып тастау туралы шешім қабылданды. Онда адамдардың жиі байланыста болуы мүмкін және санитарлық талаптардың орындалуы қиын. Алайда, қызмет көрсету станциялары, автожуу, азық-түлік емес дүкендер және басқа да объектілер өз жұмысын бастайды. Ал, мейрамханалар мен дәмханалар әлі де жеткізіп беру режимінде қызмет ете береді.

Тиісті орындар әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар таратып, қоғамды дүрліктіретін тұлғаларды анықтау жөніндегі жұмысты жандандыруы маңызды.

- Мемлекет басшысы айтқандай, 11 мамырға дейін ел экономикасын қалпына келтірудің кешенді жоспары түзіледі. Осы орайда Жамбыл облысы да 7 мамырға дейін өз нұсқасын әзірлеп, үкіметке ұсынуы керек.

Шектеу шараларын енгізу аймақ экономикасына қай деңгейде әсер ететіні, қандай шаралар көп зардап шегеді, қай жерлерде табыстың төмендеуі, жұмыссыздық деңгейі артатыны туралы болжам жасау қажет. Бастапқы болжамдарға сәйкес, бұл сауда, кәсіпкерлік, мәдениет, өнер және спорт салалары. Осыған қарай, 30 сәуірге дейін аумақтық жұмыспен қамту жол картасын әзірлеу қажет.

Негізгі мақсат – кемінде 26 мың, оның ішінде 11 мың тұрақты жұмыс орнын құру, жұмыс орындарының жаппай босауына жол бермеу.

Ең бастысы - тәртіпті сақтау, әр адамның өз тағдыры үшін ғана емес, сонымен бірге жақын және айналасындағы адамдардың тағдыры үшін де жауапкершілікті сезінуі тиіс, - деді Бердібек Сапарбаев жедел штаб отырысын қорытындылай келе.


Соңғы жаңалықтар