Жамбылда полиция басшылығы 150-ден аса адамды қабылдаған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы азаматтарды онлайн қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ішкі істер министрлігінің азаматтарды бірыңғай қабылдау күні аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов онлайн режимде қабылдау өткізді.

Өткізілген шараның негізгі мақсаты - халықпен кері байланысты қамтамасыз ету, өзекті мәселелерді шешу, сондай-ақ азаматтардың полицияға сенімін арттыру. Бұл туралы аталған департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

«ПД басшылығы қабылдауға жазылған барлық азаматтарды қабылдады. Өтініш білдіргендердің негізгі мәселелері мал ұрлығын ашумен, мұрагерлікпен байланысты құжаттарды қолдан жасау туралы іс бойынша талқылаумен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспеумен байланысты болды. Барлық өтініштер бойынша қызмет басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Қосымша тексеруді қажет ететін шағымдарды Жанат Сүлейменов жеке бақылауына алды. Материалдарды зерделеу аяқталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданып, нәтижелері туралы өтініш берушілерге қосымша хабарланатын болады»,-делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық полиция департаментінің басшылығы 157 азаматты қабылдаса, оның ішінде департаменттің бастығы жеке 95 адамды қабылдап, өтініш-ұсыныстарына құлақ асқан.


Соңғы жаңалықтар