Жамбылда пилоттық жобаға бөлінген 500 млн теңгеге жуық қаражат игерілмеген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасын жүзеге асыруға баса мән беріп отыр. Ол өзінің аудандарға жасаған жұмыс сапарында да аталған жобаның орындалу жайына айрықша көңіл бөліп, пилоттық округтерге міндетті түрде барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған жоба аппараттық кеңесте жан-жақты сараланды. Сондай-ақ, басқосуда аумақтарды абаттандыру және санитарлық тазалау шаралары да назарға алынды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, пилоттық жобаның бес бағытының төртеуі толығымен қаржыландырылған. Бүгінгі таңда тек мал сатып алуға арналған 500 миллион теңгеге жуық қаражат игерілмей отыр. Ол бұл жұмыстардың бір апта ішінде аяқталатынын айтып сендірді.

Облыс әкімі қанатқақты жобаның ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті, алайда оны ұйымдастыру жұмыстары уақытылы шешімін таппай отырғанына қынжылыс білдірді.

- Қаражат төрт ай бұрын бөлінген, бірақ біз әлі де оны толық игере алмай отырмыз. Жобаның болашағы біздің бүгінгі жұмысымызға байланысты. Алғашқы кезең жемісті жүзеге асқан жағдайда ғана жобаны одан әрі қаржыландыру шаралары жалғасын табатын болады,- деп атап өтті аймақ басшысы.

Өңір басшысы ұсынылған мәліметтердің арасындағы алшақтықты сынға алып, аудандардың ешқайсысы белгіленген мерзім – 10 наурызға дейін жұмыстарды толық аяқтап үлгермегенін алға тартты.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне бір апта ішінде бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

- Егер біз бөлінген қаражатты ұтымды ұқсата алмайтын болсақ, жобаға қатысушылардың саны көбейген кезде жұмысты қалай жүргіземіз? – деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев жоба аясында түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығын, ал құрылған кооперативтердің қатарына ұсақ шаруа қожалықтарын тарту және олардың аграрлық секторды дамытудың локомотиві болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, бір ғана шағын облыста 18 мыңнан астам шаруа қожалықтарының болуы бұл ауыл шаруашылығы субъектілерінің ұсақталып кеткендігін және саладағы жұмыстардың әлсіздігін аңғартатыны айтылды.


Соңғы жаңалықтар